Аймақтың полицейлері күдіктілерді екі күннен бері таба алмайды
Түркістан облысы Арыс қаласында атыс шығарып, 2 адамды ажал құштырғандар іздестіріліп жатыр. Аймақтың полицейлері оларды екі күннен бері таба алмай әлек. Ал қырғыннан аман қалған тағы 2 тұрғын ауруханада жатыр. Жаға ұстатарлық жағдай күні кеше болған. Екі кештің ортасында ойран салған күдіктілер оқиға орнынан бой тасалап үлгерген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Арыс қаласын аяқтан тік тұрғызған атыс дәл осы Байтұрсынов көшесіндегі үйлердің бірінде болған. Құрылысы енді ғана басталған баспанада әзірге ешкім тұрмайды. Үй иесі әкесінен қалған шаңырақты жаңарту үшін Алматыдан бірнеше күн бұрын ғана келіпті. Куәгерлер апыр-топырдың аяқ асты болғанын айтады.
– «Тоқтаңдар, қазір атамын, кейін шегініңдер» деді. Сонымен кейін қарай жүрдік. Шарбақтың түбіне барып едік, «ішіне кіріңдер» деді. Сәл тұрдық та, қайтып шықтық. Артынша қайтып барсақ, әскери киініп алған екі жігіт мотоциклге отырып кетіп қалды. Ештеңе көрінбеді. Бойы аласа, қолында қару болды, – деді куәгер Ораз Ақылбеков.
Атыстан оқиға орнында 2 адам тіл тартпай кеткен. Бірі – үй иесі, 37 жастағы Алмас Жолдасов. Екіншісі – 23 жастағы Жандәулет Қабылов. Бірінің артында 5 баласы, екіншісінің артында 1 айлық сәбиі қалды. Осылай деген марқұмның жақындары екеуінің де спортшы болғанын айтады.
– Өзі бірбеткей, жүректі жігіт еді. Кірсек, сыртта футболкамен етпетінен жатыр екен. Оқ оң жағына тиген. Қабырғасын опырып жіберген. Сосын шүйдесіне оқ тиіпті, – деді марқұмның туысы Әуезхан Ақылбеков
Ал атылған оқтан аман қалған тағы 2 тұрғын қазір ауруханада жатыр. Олар үй иесінің сыныптастары екен. Бірі тәртіп сақшысы болып жұмыс істейді. «Не болғанын өзіміз түсініп үлгермедік» дейді. Қазір олардың жағдайы қалыпты.
– Оқ бірінші науқастың сол қолтығына тиген. Басқа жері аман. Екінші науқаста оқ тері астында қалып кеткен, – деді Арыс аудандық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Талғат Тәжіметов.
Арыс қаласындағы көше бойында қару асынған полицейлер тізіліп тұр. Себебі бейбіт тұрғындар арасында қантөгіс жасаған күдіктілер әлі қолға түскен жоқ.
– Қазіргі уақытта арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. «Ұстап алу» жоспары қабылданды. Күдіктілердің жеке басын анықтау, оларды ұстау бойынша қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Болған оқиғаның барлық жағдайы анықталып жатыр, – деді ПД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Ермек Сәрсенбаев.
Айта кету керек, бұл іс бойынша әзірге бөтеннің жер учаскесіне заңсыз кіріп кету бабы бойынша ғана іс қозғалды.
Назерке Үкібасова, Елдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Бір аптада 10 кісі өлтіру қылмысы ізі суымай ашылды