«Ет екен деп қалдым»: Шымкентте қоқыс жәшігінен жаңа туған нәрестенің денесі табылды

19.10.2021 01:09

Қазір аталған іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Almaty.tv

Шымкент қаласының Рысқұлов көшесінде қоқыс салатын жәшіктен жаңа туған сәбидің денесі табылды. Мәйітті алғаш болып таңғы сағат 7.00 шамасында қоқыс тасушылар тауып алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

«Қоқыстарды көлікке тиеп жатқанымда, күректің басы кірмей қалды. Күректі алып қарасам, қоқыстың ішінен бір пакет шықты. Ішінде бірнәрсе бар екен, ұстасам, ет сияқты болды. Ашып қарасам, шақалақ жатыр», – дейді мердігер компанияның жұмысшысы Ержан Байтасов.

Оқиға орнына полиция қызметкерлерінің шұғыл-тергеу тобы келіп, мәйітті сараптамаға алып кетті. Қазір аталған іске қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

«Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 100-бабымен (Жаңа туған баланы анасының өлтіруі) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу құпиясын сақтау және оны қамтамасыз ету мақсатында жария етуге жатпайды», – деді Шымкент қаласы ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Мөлдір Бекеева.