Үкімді ести сала Салтанаттың ата-анасы еріксіз көзіне жас алды
Дүйім елді елеңдеткен Бишімбаев ісіне қатысты сот отырысына бүгін нүкте қойылды. Азаматтық некедегі әйелін аяусыз сабап өлтірді деген экс-министр 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал туыс інісі Бақытжан Байжанов алдағы 4 жылын темір торда өткізетін болады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үкімді ести сала Салтанаттың ата-анасы еріксіз көзіне жас алды. Залдан шыққан сәтте әкесі шешіммен келіспейтінін жылап жеткізді. Судья Айжан Құлбаева оқыған құжат бойынша Қуандық Бишімбаев жазасын аса ауыр қылмыс жасаған адамдар қамалатын колонияда өтейді. Оған 24 жыл берілді.
«Алқабилер соты Қуандық Бишімбаевқа қатысты өз үкімін шығарды. Жазаның мөлшері туралы мәселені алқабилер мен судья ашық дауыс беру арқылы, яғни көпшіліктің дауысымен шешті. Шешім мен үкімге сәйкес сотталушылардың кінәсі толық көлемде дәлелденді. Жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарын, аудио-бейне материалдарын, сараптама қорытындыларын және сот процесі барысында зерттелген қылмыстық істің өзге де материалдарын алқабилер ескерді. Бишімбаев үкімге сәйкес, ол жазасын қатаң тәртіптегі қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады», – деді судья Айжан Құлбаева.
Ал осы істе «қылмысты жасырды» деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжановқа 4 жыл берілді. Судья олардың айыбы бірнеше дерек материалдармен дәлелденгенін жеткізді. Сонымен қатар экс-министр мемлекет пайдасына 2 млн 306 мың 382 теңге төлеуге міндеттелсе, 4 жылға бас бостандығынан айырылған Байжанов бюджетке 3 мың 324 теңге өтейді. Ал жәбірленуші тарап осындай үкімді өздері де күткендерін айтты.
«Осындай үкімді де күткенбіз. Осы жазамен тоқтаймыз. 24 жылдан кейін ол 68 жасқа келеді. Мұны өмірлік жаза деп қабылдасақ та болады. Ол кезге дейін Бишімбаевтың өмір сүруі, сүрмеуі белгісіз. Жалпы, қиын кезде бізді қолдап, жанымыздан табылған барша халыққа алғысымды айтамын», – деді С. Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді.
Екі жарым айға созылған Бишімбаев ісі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Алқабилер қатысқан атышулы соттың әр отырысын халық онлайн көріп отырды. Бұл жолғы ерекшелік, сот отырысына сотталушы Бишімбаевтың сұрауымен алқабилердің қатысуы. Сөйтіп, сол алқабилер негізгі үкімнің шығуына қатысты. Ал, тараптар сот үкімімен келіспесе, алдағы 15 күннің ішінде апелляциялық шағым түсіре алатынын да ескертті судья.