Полиция департаментінің айтуынша, күдікке ілінген 33 жастағы ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалған
Нұр-Сұлтанда қоғамдық көліктегі оқушы қызға тиіскен күдікті 10 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды тілшісі.
19 мамыр күні елорда тұрғыны автобуста белгісіз ер адамның кәмелет жасқа толмаған қызына тиіскеніне арызданып, Instagram парақшасында күдіктінің суретін де, видеосын да жариялады. Полиция департаментінің айтуынша, күдікке ілінген 33 жастағы ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалған.
«Осы шағым бойынша біздің полиция қызметкерлері тез арада іздеу іс-шарасын жүргізді, іздеу барысында 33 жасар Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны ұсталып, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434 бабына сәйкес кіші бұзақылық бабымен іс қозғалды», – деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Нұралы Тәңірбергенов.
Әлеуметтік желі қолданушылар балаға азғындық жасамақ болған адамға 10 күнге ғана қамау жазасы қолданылғанына наразылық білдірген еді. Заңгер Бақытжан Омарханов 10 күн қамауда болу, ары қарай жазадан құтылып кету дегенді білдірмейді дейді. Тергеуші осы уақыт аралығында сараптама жасап, дәлелдер жинап, егер де кінәсі анықталса, оны екі айға дейін қамауға алады дегенді айтады. Бірақ кейдедәлел болмай, жазадан құтылып кететін жағдайдың да кездесетінін жасырмады.
«Дәлелденбей шығып кететін жағдайдар болды. Өйткені, жәбірленуші уақытында арызданбаған, жүріп екі айдан кейін арыз жазған. Ол кезде керекті дәлелді жоғалтып алғанбыз. Қоғамдық көліктегі, үйдегі бейнетаспға жазылып қалған видео жоғалды дейді. Онымен қоса заттай киім кешек, куәгерлер болмағандықтан қылмыстық іс жабылған», – деді заңгер Бақытжан Омарханов.