Құқық қорғау органдары азаматтардан ұрланған мүлікті табу мен тәркілеу жұмысын жалғастырып жатыр
Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде ұрланған 340 млн теңгенің мүлкі табылды. Ол жөнінде ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құқық қорғау органдары азаматтардан ұрланған мүлікті табу мен тәркілеу жұмысын жалғастырып жатыр. Мәселен, 5 қаңтарда Алматы облысының төрт тұрғыны Алматы қаласындағы «Кcell» компаниясының филиалынан жалпы сомасы 3 млн 555 мың теңге болатын 27 ұялы телефон ұрлаған. Сондай-ақ қанша қару-жарақ тәркіленгені айтылды.
«Барлығы 1499 бірлік қару мен 35,6 мыңнан артық оқ-дәрі тәркіленді. Мысалы, Жамбыл облысы полицейлерінің жедел-іздестіру шаралары барысында оқ-дәрісі бар екі «Калашников» автоматын сатпақшы болған жергілікті тұрғын ұсталды. Қазір күдікті қамауда отыр. Түсіндіру жұмысының нәтижесінде азаматтар 145 бірлік қаруды өз еркімен тапсырған», – деді ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.
5 қаңтарда Lexus маркалы автокөлікпен Республика алаңында ұрланған қару таратқан 3 күдікті ұсталған. «Көктөбе» телемұнарасының ғимаратын басып алуға оқталғандар да анықталды.
«Алматы қаласында 6 қаңтарда «Көктөбе» телемұнарасының ғимаратын басып алуға оқталған. Оқиғаның басқа қатысушысы анықталды. Стратегиялық нысанды басып алудың негізгі мақсаты –жалған ақпарат тарату арқылы азаматтардың көшеге шығуын үгіттеу үшін теледидар мен радиоарналардың жұмысын бақылау болған. Құқықтық тәртіп күштері стратегиялық нысанды басып алуға жол бермеді. Күдікті адам соттың санкциясымен қамауда», – деді ҚР Бас прокуратурасының 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.