Олар ресми құжаттарды қолдан жасап келген
Тараз қаласы әкімдігінің бірнеше қызметкері мемлекет меншігіндегі мүліктерді заңсыз жекешелендірген. Шенеуніктердің қитұрқы әрекетін Қаржылық мониторинг агенттігі мен Жамбыл облысының прокуратурасы әшкереледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ресми ақпарға сүйенсек, қала әкімдігінің қаржы бөлімі қызметкерлері ресми құжаттарды қолдан жасап келген. Олар соттың шешімімен тәркіленіп, мемлекет меншігіне алынған коммерциялық қойма, пәтер, кеңсе сынды нысандарды өз атына аударып отырған. Шығын көлемі 100 млн теңгеден асады.
– Аталған азаматтардың заңсыз әрекеті 100 млн теңге шығын келтірген. Тергеу-жедел іс-шаралар, тиісті сараптамалар жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімі қабылданады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды, – деді ҚР Қаржылық мониторингі агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Оқи отырыңыз: Түркістанда күйеуін өлтірген әйелге қатысты сот басталды