Танысына қарыз бергені үшін бақилық болды! Түркістан облысының Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылында жан түршігерлік жағдай орын алды. 25 жастағы азаматты өзінің танысы қылқындырып өлтірді деген күдік бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның денесін ауыл шетіндегі карьерге апарып тастардың арасына көміп кеткен. Айдың күннің аманында баласынан айрылып қалған отбасы кінәлілер әділ жазадан жалтарып кетпесе екен дейді.
Ұлынан айырылған ана, жесір қалған әйел және жетім қалған бала. Артықбаевтар отбасы қайғыдан қара жамылып отыр. Оқиға 12 наурыз күні Түркістан облысындағы Қарамұрт ауылында болған. 25 жастағы жігіт кешкі сағат 7 жарымдар шамасында үйінен шығып кетіп, енді жақындарының ортасына мәйіті жеткізілді.
Марқұмның туған ағасының айтуынша, бақилық болған інісіне танысы шамамен 8 млн теңге қарыз болып, даулап жүргендеріне бірнеше ай болған екен. Өткен жұмада апақ-сапақ уақытта берешегі бар жас жігіт оған телефон шалып, сыртқа шақырып алған. Кейіннен күдікті оны аяусыз соққыға алып, тіпті қылқындырып өлтіріпті. Ал, денесін бұрын өзі жұмыс істеген ауыл шетіндегі карьерге апарып, тастардың арасына көміп тастаған. Басында істеген қылмысын мойындамаған ол, кейін барлық жағдайды өзі жасағанын жайып салған.
«Ұрып соғып, жағын айырған. Мұрны сынып, көздері шығып кеткен. Күдікті оқиға орнына әкеліп, осы жерге көмдім деген екен», – деді марқұмның ағасы Болат Артықбаев.
25 жасында қыршын кеткен азаматтың артында жүкті әйелі мен бес айлық баласы қалды. Жақындарының айтуынша, мұндай қылмысты жалғыз адам жасауы мүмкін емес. Олар кемінде 4-5 адам болды деп ойлайды. Себебі, бейнебақылау камеларына олар көліктерінің артынан тағы бір машина ілесіп отырғаны түсіп қалған. Ал, кінәсін мойындаған күдікті қазір қамауға алынған және бұл іске қатысты адам өлтіру бабы бойынша тергеп тексеру басталыпты.
«Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Нәтижесінде қарызды қайтарғысы келмеген күдікті, өзінің танысын аяусыз қылқындырып жер жастандырған. Ал, мәйітті бұрыңғы өзінің жұмыс істеген жері карьерге апарып ауыр қылмысты жабу мақсатында көміп тастаған. Күдікті ер азамат қазіргі таңда қамауға алынды. Бұрын сотты болмаған. Бүгінгіде оған қатысты ҚР ҚК адам өлтіру бабы бойныша сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізілуде», – деді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.
Қара жамылған отбасының талабы біреу ғана. Олар қанды қол қылмыскерлер жазадан жалтарып кетпесе екен дейді.