Отырыста кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты қылмыс пен құқық бұзушылық қаралды
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен және Алматы қаласы прокурорының көмекшісі Ғ. Жанбекованың қатысуымен онлайн форматта кәмелетке толмағандардың ісі мен олардың құқығын қорғау жөніндегі қалалық ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Отырыста кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты қылмыс пен құқық бұзушылық қаралды. Ювеналды полицияның дерегі бойынша 6 айдың ішінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың 11,6%-ға төмендегені байқалды. Жүргізілген талдауға сәйкес, жасалған құқық бұзушылықтың 40%-ы қалаға басқа өңірлерден келген адамдарға қатысты екені анықталды.
Жасөспірімдер өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына жіберіледі. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстардың саны 20%-ға төмендеген. Кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде (сағат 22.00-ден кейін) және тұрғын үй-жайлардан тыс (сағат 23.00-ден кейін) түнгі уақытта заңды өкілдерінің болмауынан 3573 (2020ж. – 3018) ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, Алатау ауданы әкімдігі жанындағы қылмыстың алдын алу жөніндегі комиссия төрағасының есебі тыңдалды. Атап айтқанда, тәуекел тобындағы отбасылармен және кәмелетке толмағандар арасында қылмысқа жол бермеу үшін алдын алу іс-шараларын қарастырды. Басқа да аудандық комиссиялардың төрағалары да кестеге сәйкес тыңдалады. Айта кетсек, жарты жылдың ішінде аудандық комиссия отырыстарында кәмелетке толмағандардың мүддесі үшін түрлі фактілер бойынша 197 материал қаралды.
Ержан Бабақұмаров қала аумағында орналасқан колледж оқушылары жасаған қылмыстық фактілерге назар аударды. Осы бағытта колледж, жалпы орта білім беру мекемелерінің оқушыларымен және басшылығымен түсіндірме жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ жасөспірімдерді оқудан тыс уақытта жұмыспен қамтуды ұйымдастыру тапсырылды.
Бұдан басқа, бақылауда тұрған бір мәселе – бір жасқа дейінгі балалары бар отбасыларды олардың өмірі мен өсіп жетілуіне қатер төну факторлары болған жағдайда медициналық-әлеуметтік тұрғыдан қолдау мәселесі, сондай-ақ балалардың сыртқы орта жағдайларына бейімделуімен байланысты сыртқы факторлардан болатын өлім-жітімнің алдын алу мәселесі бақылауда тұр.