Күзетшінің өлімі: марқұмның соңында үш баласы қалды

30.03.2024 01:17

Көршілері күдіктінің бұған дейін де бейәдеп қылығымен бірнеше рет көзге түскенін айтты

Almaty.tv

Алматыда аяусыз соққыдан мерт болған күзетшінің артында 3 бала жетім қалды. Кеше ғана отағасын жұмысқа шығарып салып, бүгін жесір қалған әйелге де, тұңғыш ұлынан айырылған анаға да қапыдағы өлім қан жұтқызды. «Жазатайым оқиға болса кешірер ек, бұл қасақана қылмыс жауапсыз қалмасын» деген марқұмның әулеті кінәліге жазаның ең ауыр түрін беруді сұрап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір жаға ұстатарлық бұл жайтқа байланысты 1 азамат ұсталып, сотқа дейін қамауға алынған. Полиция қылмыс орнынан айғақ жинап, сараптама жасауда.

Түнгі сағат 2:30 Алматыдағы элиталы саналатын тұрғын үй кешенінде болған бұл масқара көптің жағасын ұстатты. Белгісіз азамат жол талғамайтын көлікпен сол аумақтың күзетшісін қағып, бірнеше рет тапап өткен соң, аяусыз ұрғаны бейнекамераға да түскен. Азғындыққа барған қаскөй сол сәтте ессіз жатқан адамды тоқтаусыз сабап, үстіне секірген.

Адам қағып қана қоймай, оны өлімші етіп сабауға дәті барған күдікті осыдан кейін еш нәрсе болмағандай көлігін тұраққа қойған. Бұл салқынқанды қылығын да сондағы жұрт таспалап алыпты. Жедел жәрдемді де солар шақырған. Оңбай таяқ жеген күзетші ауруханаға жеткізілгенімен, жарақат салдарынан көз жұмды.

Адам өлімімен аяқталған кикілжің басы дәл осы сынған әйнектен басталуы мүмкін. Куәгерлердің айтуынша, оқиға болған түні әлгі күзетшіні аяусыз сабаған азамат әуелі осы дүңгіршек ішінде ішімдік ішкен. Арада біраз уақыт өткен соң сыртқа шығып, әйнекті шағып кеткен. Сосын көлігіне мініп, күзетші қоршау маңына шыққан сәтте қағып, кейін соққыға алып, қанжоса қылған.

Куәгерлердің айтуынша, азғындыққа барған адам жат емес, сол күзетші қарайтын тұрғын үйлердің бірінде өмір сүреді. Көршілері азаматтың бұған дейін де бейәдеп қылығымен бірнеше рет көзге түскенін айтты.

– Ата-анасына ылғи қиындық туғызады. Терезені ашсам, жігіт машинасын тұраққа қойып жатыр екен. Ал арғы жағында ыңырсыған дауысты естідім, – деді куәгер Анар Темірқұлова.

– Ол мұндай қылығын бірінші рет көрсетіп тұрған жоқ. Бұған дейін диспетчерге, күзетшіге де қол көтерген. Оған күдікті адамдар есірткі әкеліп, жиі бас сұғып тұратын. Сау кезін көрмеппін, – деді куәгер Данеля Сартай.

Белгілі болғандай, көз жұмған күзетші мұнда 3 жылға жуық уақыт жұмыс істеген. Оған айлық төлеген ПИК өкілі «күзетші мен күдікті бөтелкелес болған» деген пікірді жоққа шығарды.

– Мен «күзетші ішімдік ішті, күдіктіден қарыз алған» деген пікірді жоққа шығарамын. Ешкім ешкімнен ақша алмаған. Марқұмның жаға жыртысып, төбелес шығаратын әдеті жоқ. Бәріне көмектесіп, міндетін атқарып келді, – деді ПИК өкілі Елена Филиппова.

Бүгінде полиция оқиғаға қатысты 45 жастағы ер адамды ұстады. Қолға түсіру кезінде ол өзіне қол салмақ болды деген ақпар да бар. Құзырлы орган күдіктіні изоляторға қамады. Тергеу жүргізілуде. Марқұмның анасы мен әйелі кінәлі азаматтың жазасыз қалмауын талап етті.

– 21 наурызда ауызашар бергенмін, бала-шағасымен келді. Алдыма жатып «басымды сипашы» деп біраз еркеледі. Бетінен сүйдім. Соңғы көруім екен ғой. Ол сол кезде менімен қоштасыпты. Басында көшеде қағып кеткен шығар деп ойладым. Өзім көрмедім, бірақ елден естідім, әдейі көлікпен қағыпты, – деді марқұмның анасы Майра Қайыппаева.

Бұл – қапыда көз жұмған Нұрболдың туысының үйі. 42 жастағы марқұм жанұясымен жалдамалы пәтерде тұрған. Үш баласының үлкені 14-ке толса, кенжесінің жасы 5-тен асты. Жесір қалған әйелінің айтуынша, бүгін күзетші күйеуі 2 күндік жұмысын атқарып бітіп, таңғы 6:00-де үйге оралуы керек болған.

Оразай Нұртайұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ер азамат бірнеше мәрте көлікпен қаққан күзетші көз жұмды