Заңнамада оған 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделген
Алматыда 7 нысанға жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар жалған болып шықты. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, тәртіп сақшыларына «3 банк кеңсесіне және 2 сауда орталығына, сондай-ақ жоғары оқу орнының ғимараты мен әуежайға мина қойылған» деген ақпарат келіп түскен. Соның салдарынан жұрт сол аймақтардан шұғыл түрде эвакуацияланып, арнайы топ тексеру жұмысын жүргізген. Соның нәтижесінде ақпараттың жалған екені анықталды.
«7 нысанды сағат 16:00-ге дейін тексеріп шықтық. Барлық ақпарат жалған болып шықты. Қазір дәл осы жалған ақпарат тарату дерегі бойынша ҚР ҚК 273-бабы бойынша қылмыстық іс тергеліп, бұл мәліметті таратқан азамат іздестірілу үстінде. Оның іс әрекеті – қылмыс. Заңнамада 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделуде», - деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.