Шымкентте 53 жастағы ер адам әйелінің бетін тіліп, үш айлық қызын тұншықтырған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оқиға 3 тамыз күні болды. Қызғанышқа бой алдырған жігіт ағасы үйінде жанжал шығарып, жұбайын жансақтау бөліміне дейін жеткізген. Соңында келіншегі көршілерден көмек сұрап, аман қалған көрінеді.
Қорғансыз ана мен бүлдіршіннің бұл видеосы әлеуметтік желіде демалыс күні жарияланды. Онсыз да диагнозы бар үш айлық сәбиді өз әкесі ұрыпты. Шымкенттің омбудсмені Айжан Наимбекова 53 жастағы ер адамның келіншек пен қызын жұмысқа қамап кететінін айтады. Қала арасында жолаушы таситын ер адам үйінде 5 тәулік болмапты. Ана мен баланың бар айыбы - сол аралықта таза ауа жұтқысы келіп, сыртқа шыққанында екен.
- Күйеуі әйеліне «сен кілтті пәтерді жалға берушіден сұрапсың, сонда қайда бардың» деп бастайды. Сөйтіп, әйелін басқа бөлмеге кіргізіп, ұрады. Сол сәтте екінші бөлмеде жатқан қызы жылайды. Күйеуі жүгіріп барады да қызын құйрығынан ұрып, аузын жабады жыламасын деп. Сол сәтте таяқ жеген әйел жүгіріп далаға шығады. Сөйтіп, көршілерінен көмек сұраған, - дейді Шымкент қаласының омбудсмені Айжан Наимбекова.
Ішімдікке сылқия тойып, үйінде жанжал шығарған ер адам мен дәрменсіз сәби арасына полиция келгенше ешкім араша түсе алмаған. Мезгілінен ерте, диагнозбен туған 3 айлық қыз ауруханаға да бірден жеткізілмепті. Дәрігерлер алдымен анасын қарап, қолындағы сәбиін кеш байқадық деп ақталды.
- Бас миының жабық жарақаты. Миының шайқалуы. 12 апталық жүктілігі бар. Балалар клиникалық ауруханасында жатыр. Онда қойылған диагнозы - бас миының жабық жарақаты. Денесіндегі көгерулердің болуы, - дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев.
Айта кетейік, Шымкентке жақында көшіп келген ер мен әйелдің арасында заңды неке жоқ болып шықты. Омбудсмен сөзінше, күдікті азамат келіншегіне бұған дейін де қол көтеріп, онсыз да дімкәс сәбиін шымшитын болған екен. Отбасына ойран салған әкенің үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды.
Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Шымкент
Оқи отырыңыз: Түркістанда күйеуін өлтірген әйелге қатысты сот басталды