Бұл туралы балалар құқықтарын қорғау комитетінің мамандары айтты
Еліміздегі жеке меншік оқыту орталықтарының жұмысына рұқсат қағаз алу үшін енді талаптар күшейтіледі. Бұл туралы балалар құқықтарын қорғау комитетінің мамандары айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұндай шешім Алматыда болған қайғылы жағдайдан кейін қабылданып отыр. Еске салайық, қаладағы балаларды дамыту орталықтарының бірінде 6 жастағы бала жазатайым жағдайда көз жұмған еді. Куәгерлердің айтуынша, сабақ арасындағы үзіліс кезінде ойнап жүрген оның үстіне шкаф құлап, бала сол жерде тіл тартпай кеткен.
Оқиға 16 маусымда күндіз болған. Оқу орталығы қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінде төменгі қабатта орналасқан. Тұрғындар сол күні мұнда полиция мен жедел-жәрдем көлігі келіп қарбалас болғаннан басқа ештеңе көрмедік деп отыр.
«Мен тек полиция көлігінің тұрғанын байқадым. Бастапқыда ұрлық болған шығар деп ойладым. Бала өлімінің тіркелгенін кешкісін естідік», – дейді қала тұрғыны Махида Қарамаева.
Орталық балаларды мектепке дейінгі дайындық жұмысымен, сонымен қатар жапондық әдіс бойынша оқытатын көрінеді. Ата-аналар мұндағы білім беру сапасы да көңіл көншітпейді деп отыр.
«Көпшілік мұнда ыңғайлы жерде орналасқаны үшін ғана оқытады. Ата-аналардың баласын қаланың әр бұрышына апаратын уақыты жоқ. Ал бұл үйдің төменгі қабатында тұр. Оқуға беретіндердің көпшілігі осы тұрғын үй кешенінде тұрады», – дейді қала тұрғыны Ольга Калганова.
Бұл жағдай қоғам белсенділерінің де назарына іліккен. Олар оқыту орталықтары мен балабақшаларға бақылауды күшейту керек екенін айтады.
«Қазір кез келген адам өз алдына жеке кәсіпкер. Салық басқармасына тіркеледі де орталық аша салады. Көпшілігінің балаларды оқытуға да рұқсат қағаздары жоқ. Мұндай жерлерге тексеру де аз. Себебі қазір шағын және орта кәсіп иелеріне мораторий қойылғаны белгілі. Ашығын айтсақ, қазір еліміздегі жеке білім беру орталықтары білгендерін істеп отыр. Білім жүйесін де қадағалап жатқан ешкім жоқ», – деді Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Рафаэль Гасанов.
Оқиғаға қатысты қазір қылмыстық іс қозғалған.
«Аталмыш дерек бойынша қазіргі таңда Бостандық аудандық полиция басқармасында Қылмыстық кодекстің 141-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Еліміздің Оқу-ағарту министрлігі жанындағы комитет осы жағдайға қатысты комиссия құрылғанын хабарлады. Арнайы топ бірнеше ұсыныс дайындаған. Олардың арасында оқыту орталықтарына алдын-ала ескертусіз барып тексеру және жұмыс істеуге рұқсат қағаз алу үшін талаптарды қатаңдату секілді бағыттар бар. Ал кешегі қайғылы жағдайдан кейін нақты кімнің жазаланатыны әзірге белгісіз.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, Ялкунджан Әшімжановғ «Алматы» телеарнасы