Оның ту сыртынан 3 түрлі микроқаржылық ұйымнан бір мезетте әртүрлі борыш рәсімделген
Елорда тұрғыны онлайн несие алмағанын дәлелдей алмай жүр. Оның ту сыртынан 3 түрлі микроқаржылық ұйымнан бір мезетте әртүрлі борыш рәсімделген. Кесірінен кредит тарихы бұзылып, күн сайын берешекті өтемегені үшін өсімпұл қосылып жатқан көрінеді. Ал, мамандар соңғы жылдары мұндай жағдайлар көбейіп кеткенін айтып отыр. Өткен жылдың өзінде осы сарында 50 алаяқтық іс тіркелген. Мәселені Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай зерттеп көрді.
Берік Егімбаевтың атынан, 2020 жылдың мамыр айында белгісіз біреулер бір күннің ішінде үш түрлі микроқаржы ұйымдарынан ақша алған. Ал, Берік мұны тек тамыз айында бірақ біледі. Онлайн несие беретін ұйымдар хабарласып, ақшасын қазір төлемесе, пайызы өсе беретінін жеткізгенде есім шықты дейді. Бірақ ол ешқашан онлайн несие алып көрмеген екен.
«Менің атымнан алған ақшаның барлық сомасы 500 мың теңге. Сосын мен Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы аудандық полиция бөліміне арыз жаздым. Олар менің мәселемді алаяқтық фактісі бойынша тіркеді. Бірақ біраз уақытқа дейін өзімнің тергеушіммен хабарласа алмадым. Сосын, амал жоқ, жағдайымды инстаграм, фейсбукке жазуға тура келді. Ал, осы 2021 жылдың қаңтар айында микроқаржы ұйымдары менің банктегі есеп-шотымды арестке қойып тастады. Ал, тергеу барысында менің атымнан РБК банкінен есеп-шот ашқаны белгілі болды», – деді жәбірленуші Берік Егімбаев.
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова онлайн несие беретін ұйымдарды құқығынан айыру керек деп санайды. Себебі алаяқтардың оңай ақша табатын жолы осы дейді. Оның сөзінше, несиені оңды-солды тарататын шағын қаржы ұйымдарына қатаң бақылау болмай тұр.
«Демек, барлығымыз алаяқтың құрбаны болуымыз мүмкін деген сөз. Меніңше, мұндай несие беретін ұйымдарды жабу керек. Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл нәрсені қолға алуы қажет», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.
Ал, Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басқарма басшысы Ермек Шүленнің сөзінше, өзге адамның атынан онлайн несие рәсімдеп қаражат алған алаяққа қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Сонымен қатар, келтірілген шығын аса көлемді болатын болса, 3 жылдан 7 жылға дейін, немесе 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
«Біреудің атын жамылып ақша алу, екі түрлі қылмыстық жолдармен, яғни ұрлық немесе алаяқтық арқылы жасалуы мүмкін. Ұрлық жәбірленушінің жеке құжаттарын, я болмаса басқа да автоматандырылған гаджеттері бар. Сондай заттарын ұрлап, шотындағы барлық ақшаны қолды ету үшін жасалады. Егер ұрлық ақпараттық жүйеге заңсыз кіру бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалса, онда ондай іс әрекет 5 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе бас бостандығынан айыру көзделген», – деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басқарма бастығы Ермек Шүлен.
Құқықтық статистика комитетінің ақпаратына сүйенсек, 2020 жылдың өзінде онлайн несие бойынша 50 алаяқтық іс тіркелген. Мамандардың пікірінше, интернетте жеке мәліметтерді мессенджер арқылы ешкімге жібермеу қажет. Алайда көпшілік оны елемейтін көрінеді.
Қаламқас Нысанбай