|
24.05.2022 | 20:08
3711

«Ұлымды өлтірген күдікті 6 айдан бері бостандықта жүр»: Алматы облысының тұрғыны істі қайта қарауды талап етіп отыр

Оқиға өткен жылы 26 қарашада болған

«Ұлымды өлтірген күдікті 6 айдан бері бостандықта жүр»: Алматы облысының тұрғыны істі қайта қарауды талап етіп отыр Almaty.tv

«Ұлымызды өлтірген күдікті 6 айдан бері бостандықта жүр». Алматы облысына қарасты Ұзынағаш ауылының тұрғыны Мұхат Мадияров баласының өліміне себепші болған адам жазадан құтылып кетеді деп алаңдайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, осыған дейін де бірнеше мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылған азамат еш негізсіз амнистияға іліккен.

Мұхат Мадияров 6 айдан бері ұлының қазасы үшін әділдік іздеп, шырылдап жүр. Қарасай аудандық полиция бөлімінің табалдырығын тоздырып, кінәлі азаматты жауапқа тарту керектігін айтып шаршадым дейді. Зейнеткерге тіпті тергеушілер де дөрекілік танытқан көрінеді.  

«Тергеуші Иса маған телефонмен хабарласып,келіп қол қойыңыз, қайда шағымдансаңыз да мен шешемін деді. 15 істі тергеп жатыр екен. Сондықтан уақыты жоқ деп дөрекілік танытты», – деді марқұмның әкесі Мұхат Мадияров.

Қайғылы оқиғаға себеп болған жанжал өткен жылдың 26 қарашасында болған. Видеода көрсетілгендей күдікті марқұмның кеуде тұсынан 2 мәрте ұрып, кейін итеріп жіберген. Барлық көрініс бейнебақылау камерасына жазылып қалыпты. Жерге құлаған марқұм сол жерде 40 минуттай ес-түссіз жатқан дейді әкесі. Қасындағылар оны ауруханаға да апармаған. Тіпті, сол жерде болған куәгер ұлын көлікке салып, үйінің маңына тастап кеткен. Баласы артынша комаға түсіп, қайтыс болыпты. Артында оң-солын танып үлгермеген қос бүлдіршіні қалды деп зар жылап отыр. Ол күдіктіге қатысты айғақ табылса да бірде-бір рет сот отырысы болмағанына қапалы.

«Менің әлі де іс-құжатты қайта қарап, тексертіп, оқиға орнындағы куәгерлерді жауап алып, әділ шешім шығады деп сенемін», – деді марқұмның әкесі Мұхат Мадияров.

Ал күдікті рақымшылыққа ілікті деген әкесінің сөзін Қарасай аудандық прокуратурасы да растап отыр.

«Күдіктінің ісі ҚК-тің 106-бабының 3-бөлімімен және 104-баптың 1-бөлігіне сай абайсызда болған қылмыстық оқиға болып тіркелді. Бұл іс ауыр қылмыс санатына жатпайды. Соған байланысты тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында рақымшылық жасау туралы шешім шықты», – деді Қарасай ауданы прокурорының орынбасары Ержан Омбаев.  

Марқұмның ата-анасы бұл шешіммен келіспейді. Олар іс аяқсыз қалатын болса, Бас прокуратураға жүгініп, әрі қарай Президентке хат жазбақ ниетте.


Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир