Алматы облысында жедел-жәрдем жүргізушісіне шабуыл жасалды

17.03.2021 01:54

Медицина қызметкерлері тұрғындарды барынша сабырлы болып, этиканы сақтауға шақыруда

Фото: express-k.kz

Басынан ұрып, пышақпен қорқытқан. Алматы облысында жедел-жәрдем жүргізушісіне шабуыл жасалды. Дәрігерлерді үйіне шақыртқан азамат оларды үлгермедіңдер деп соққының астына алған. Жәбірленушінің жағдайы қалай? Ақ халаттыларға жұдырық ала жүгірген кім? Оқиғаның мән жайын Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек түсіндіреді. 

Оқыс оқиға кеше Еңбекшіқазақ ауданында орын алған. 4-саяжайдан 16:17-де шақырту түседі. Жедел-жәрдем фельдшері Сәндібек Елекенов пен соққыға жығылған жүргізуші Дәурен Молдахметов сол күні кезекшілікте болыпты. Айтылған мекен-жайға 13 минутта жеттік дейді. Алайда науқас ақ халаттылар келгенше көз жұмған. Фельдшер жағдайды түсіндірген кезде бақилық болған азаматтың жақыны жүргізушіге пышақ ала жүгіріпті.

«Анау ұлы болып келеді шамасы. Ашуменен бізді кешігіп келдіңдер, неге уақытында келмейсіңдер деп пышақ алып, менің жүргізушіме қарай барған. Қазір жүргізушіңді қазір соямын, деп өзі қоқаң-лоқы көрсетіп», – деді Еңбекшіқазақ ауданы жедел-жәрдем қызметінің фельдшері Сәндібек Елекенов.

Жүргізуші көліктің ішінен құлыптап, есікті ашпай қояды. Ызаланған азамат мүрдені ауруханаға апаруын талап етеді. Тіпті, пышақпен қорқытыпты. Фельдшер амалдың жоғынан келіскенін айтады. Мүрдені көлікке салып жатқан кезде әлгі азамат жүргізушінің бетінен ұрған екен. Қабылдау бөліміне келгеннен кейін дәрігерлер тағы қарап, ешқандай көмек көрсете алмайтындарын айтқан. Қаралы хабарды естіген жігіт далаға шығып, көлік тізгіншісін тағыда соққының астына алған. Бұл кадрлар аурахананың бейнебақылау камерасына түскен.  

«Қайтадан айналып келеді де, теріс қарап тұрған кезде жүргізушінің басынан ұрады. Ұрған кезде жүргізуші жерге құлайды да, басымен соғылады. Ол жерде де ажыратып алады. Осы Еңбекшіқазақ ауданының меңгерушісінің айтуы бойынша ол кісі одан кейін қолына отвертка ұстап алып, жедел-жәрдемнің отыратын жеріне кіріп алып, жүргізушіні іздеген екен», – деді Облыстық жедел-жәрдем директорының орныбасары Нұрғали Омарұлы.

Ал, бұл кезде жүргізушіні әріптестері алғашқы көмек беруге алып кеткен. Қазір 54 жастағы көлік тізгіншісінің жағдайы орташа. Алдағы бір апта ақ халаттылардың бақылауында болады.  

«Кеше сағат 6:45 шамасында бастық жабық жарақаты, мидың шайқалуы, мұрынның жарақаты диагнозымен травмотология бөліміне жатқызылған болатын. Содан бері тиісті ем қабылдап жатыр. қазіргі таңда жалпы жағдайы орташа», – деді Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасы директорының орынбасары Дидар Айтжанов.

Аталған жайтқа қатысты облыстық полиция департаменті пікір білдірді. Анықталғаны, жедел-жәрдем тізгіншісіне қол көтеріп, денсаулығына зиян келтірген азамат 33 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

«Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 107 бабының 1 бөлігі яғни, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында сот медициналық сараптама тағайындалады», – деді Облыстық ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.

Облыстық дәрігерлердің сөзінше соңғы кезде ақ халаттылардың соққының астында қалуы жиілеп барады. Соңғы алты айда бес осындай оқиға тіркелген. Ашуға мінеген азаматтар жедел-жәрдем көлігін зақымдап, жүргізушіге шабуылдайды. Тіпті пышақ ала жүгіретіндер көбейген. Медицина қызметкерлері тұрғындарды барынша сабырлы болып, этиканы сақтауға шақыруда.

Өмір Әнуарбек, Медет Саматұлы «Алматы» телеарнасы

Теги: насилие