Түргендегі төбелес: зардап шеккен тағы бір азаматтың өмірі қыл үстінде

08.11.2022 01:57

Қанды оқиғада жалпы 4 адам түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізіліп, 1 тұрғын ажал құшқан

Almaty.tv

Алматы облысындағы төбелесте зардап шеккен тағы бір азаматтың өмірі қыл үстінде. Бұл туралы Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы аурухана дәрігерлері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетсек, Түрген ауылындағы қанды оқиғада жалпы 4 адам түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізіліп, 1 тұрғын ажал құшқан.

Бұл - жаппай төбелесте зардап шегіп, ауруханаға түскен жәбірленушінің туыстары. Олар сұқбат беруден бас тартқанмен, жанайқайын жасыра алмады. Олар қанды оқиғаның қалай басталғанын, оған не түрткі болғанын білмейді.

«Тура үйдің іргесінде атысты. Дыбысы 2 рет естілді. Ұлым жүгіріп келді де, маған «тығыл» деді. Қанша адам болғанын нақты білмеймін, алайда мына көшені басына көтерді», – деді куәгер.

«Олар бұрыннан бір-біріне тіс қайрап жүрді ме, белгісіз? Бір анығы қараңғы жерге түзу ниетпен жиналмаған. Тәртіп орнатқысы келсе, полиция бар. Соған бармай ма?» – деді Түрген ауылының тұрғыны Мубарис Сүлеев.

Куәгерлердің айтуынша, қарашаның 5-нен 6-на қараған түнгі қанды оқиға дәл осы Түрген ауылының жоғары жағындағы көшеде болған. Қазір мұнда қан іздерінен бөлек, көлік әйнегінің сынықтары жатыр. Ал ауылда қазір тыныштық орнаған, десе де тәртіп сақшылары жағдайды бақылауда ұстап, тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Қылмыстық іс ҚР ҚК 99-бабы бойынша тергелуде. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық қатысушыларын анықтау, сондай-ақ болған оқиғаның себептерін анықтау үшін барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр», – деді полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сәйділдин.

Аудандық аурухана қызметкерлерінің айтуынша, жарақаты жеңіл болғандықтан бір науқас үйіне жіберілген. Ал қалған үшеуі ем алып жатыр. Дәрігерлер ауруханадағы қос науқастың өміріне қауіп жоғын, ал бір азаматтың әлі күнге дейін жансақтау бөлімінде жатқанын айтты.

«Науқасымыз жансақтау бөлімінде өте ауыр жағдайда жатыр. Көп дене мүшелерінің кесіп-соғылған жарақат алған. Оның ішінде кеуде қуысы, іш қуысы, жақ өкпенің зақымдануы және сол жақ бүйрек аймағының зақымдануымен, ішектері зақымданған. Көп мөлшерде қан жоғалтқан», – деді Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Серік Бекқабылов.

Ресми дерекке сәйкес, төбелес салдарынан көз жұмған азаматқа оқ тиген. Ал қалған төртеуі өткір заттан жарақат алған дейді. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендер 35 пен 38 жас аралығындағы Түрген ауылының жергілікті тұрғындары.

Оразай Нұртай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеранасы