Бүгінде көлік ұрылары неше түрлі заманауи құралды қолданып жүр
Бүгінде көлік ұрылары неше түрлі заманауи құралды қолданып жүр. Алматы тұрғындарын ескерту мақсатында, бүгін Полиция департаментінің басшысы арнайы брифинг өткізді. Сонымен темір тұлпардан айырылып қалмау үшін, нені білу керек? Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртай айтып берсін.
Баспасөз мәслихатын генерал Таймерденов нақты мысалдан бастады. 13 мамырда Медеу ауданында жол талғамайтын бағалы көлік іс-түссіз жоғалып кеткен. Абырой болғанда, көп ұзамай ұрылар ұсталды. Сөйтсе, күдіктілер көлік айдап кетуді нағыз табыс көзіне айналдырған әккі ұрылар екен.
«Осы ұрлық қылмысы бойынша үш адам күдікті ұсталды. Үшеуі де бұрын сотталған. Екеуі Алматы облысының азаматы, біреуі алматылық. Олар өздері Алматы облысында Талғар ауданында жалға пәтер жалдап, сол жерге жаңағы автокөлікті тыққан. Тығып, ары қарай сату мақсатымен жолдарын ұйымдастырған», – деді қалалық ПД басшысы Қанат Таймерденов.
Уақыт өткен сайын ұрылардың да айла-шарғылары күрделене түскен. Тіпті, қулығы асқандар арнайы құрылғылар арқылы қашықтықтан көліктің дабылын сөндіріп, толықтай өз иелігіне алады. Талғар ауданында құрықталған күдіктілерден де дәл осы құрылғылар тәркіленді. Олар кез келген қымбат көліктің қорғанысын әп-сәтте істен шығарады екен.
«Мынандай қолшатыр бар. Қолшатырмен кетіп бара жатып, машинаның жанынан өткен кезде, қолшатыр арқылы автокөліктің бағдарламасын компьютерге түседі», – деді қалалық ПД басшысы Қанат Таймерденов.
Маңдай терімен тапқан өзгенің мүлкін иемденіп, көлік иелерін шығынға ұшырататын ұрылардың саны көбеймесе, азайған емес. Мәселен, Зерделі ауданының тұрғыны өз көлігінің қалай қолды болғанына әлі де таңғалады. Түнгі уақытта ел-жұрт қалың ұйқыға кеткенде құны 7 жарым млн тұратын жеңіл көлік ұрланып, тұрақта әйнек сынықтары ғана қалған. Ал бейнежазбаларда көліктің ауданнан шыққаны, қай бағытқа жол тартқаны көрінбеген.
«Аулада тұрған жерінен тұрақтан алып кеткен. Көптеген іздестіру шаралары болды. Арыз жаздық. Өтініш жаздық полиция бөліміне. Іздестіру шаралары жүргізілді. Соның арқасында 2 мамырда көлігіміз табылып, отбасымызға қайтарылды», – деді Алатау ауданының тұрғыны Айнұр Назарбекова.
Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ұрланған көлік табылып, иесіне қайтты. Дегенмен көлік ұрлаушылардың қылмыстық әрекеттері толықтай ауыздықталды деу әлі ерте. Өз мүлкіңізге ең алдымен өзіңіз жауапты екеніңізді ескерген жөн.
Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы