Анасы мен көрші азаматтың бейәдеп әрекетін көрген қызды олар буындырып өлтірген
Павлодарда айуандықпен өлтірілген 7 жастағы Милана Давыдованың ісіне қатысты сот үкім кесті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айыпталушы – бүлдіршіннің анасы мен көршісі. «Екеуінің де әрекеті «аса ауыр қылмыс» санатына жатады» деген судья сыбайлас болған әйел адамның 20 жыл мерзімін темір тордың арғы жағында өтейтінін мәлімдеді. Ал «кәмелетке толмаған адамды аса қатыгездікпен өлтіру» бабы бойынша кінәлі деп танылған азамат өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол мерзімін қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтейді. Сондай-ақ сотталушы алкогольге тәуелділіктен емделетін болды.
Айта кетейік, аталған азамат кінәсін мойындаған жоқ.
– Қызды жерлеу керек болған соң, Милананың денесін қайда жасырғанымды көрсеттім. Егер қызды тұншықтырғаным рас болса, баласын қорғау үшін неге маған қарсы тұрмады? – деді сотталушы Асқар Әбілдинов.
Еске сала кетейік, бұған дейін анасы 7 жастағы қызының жоғалғанын айтып, көпшіліктен көмек сұраған. Бірнеше күн бойы 300-ден аса адам баланы іздеген. Кейіннен адам айтса нанғысыз ауыр қылмыстың беті ашылды. Милана сабақтан үйге оралғанда, анасы мен көрші азаматтың бейәдеп әрекетін көрген. «Бәрін әкеме айтып беремін» деген оны қос азамат бірнеше рет ұрып, есін жоғалтқанша белдікпен сабапты. Кейіннен қаршадай қызды сол жерде буындырып өлтірген.
– Мен кінәлі емеспін, қызымды өлтірген жоқпын. Мен оны қатты жақсы көрдім, бас бостандығымды шектеуді ғана сұраймын, – деді сотталушы Татьяна Давыдова.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында сел жүріп, үйлерді су басты