Бір апта бұрын әлдекім 10-нан аса бейіттің басындағы тақтайшаны бояп кеткен
Таразда бейіт басына баратын барымташылар күрт көбейген. Олар қазір қабірдегі қоршаулардың түгін қалдырмай тонайтын көрінеді. Тіпті, моладағы ескерткіштерді қиратып, астындағы шойын металды өткізуді ақша көзіне айналдырып алған. Азғындардың әрекетін әшкерелеу үшін түн ортасында бейіт басында болған Almaty.tv тілшісі Мерей Баеттің бейнематериалын көріңіз.
Тараз қаласындағы ауқымы ең үлкен жалпы көлемі 109 гектар жерді алып жатқан зиратта 200 мыңнан астам адам жерленген. Арнамызға хабарласқан арнайы рәсімдік қызмет көрсету мамандары соңғы уақытта қабірдегі металдардың жиі ұрланып жатқанын айтады. Сол себепті мұндағы мамандар өлілер қаласын күн-түн демей күзетеді екен. Соның біріне біз де қатыстық. Түнгі қарауыл тыныш өтіп жатқан. Кенет...
Қара темірді қолды қылғысы келген белгісіз бұл жолы қолға түспеді. 26 жыл бойы бейітті қарауылдап, тазалығы үшін жауап беріп жүрген Қадырхан Абдуллаев темір үшін зираттың құмын астаң-кестеңін шығаратындар бар дейді. Ал, ұсталмаған ұрының шығынын күзетшілердің өздері өтеуге тура келеді.
«Осы мына қиратудың алдындағы бірінші ойы – астындағы швеллерді алу. Сол үшін мынаны аударып жіберген. Ескерткіш сынып отыр. Енді туыстары қалпына келтіріп беріңдер дейді, әрине, келтіріп береміз. Бірақ мына жоғалған затты табу керек. Полицияға да жаздық, иегесі де жазды», – деді арнайы рәсімдік көрсету мекемесінің директоры Қадырхан Абдуллаев.
Қабір басындағылар жыл басынан 10 нан аса ұрлықтың болғанын айтады. Ал, былтыр темір бұйымдардың жоғалу дерегі одан екі жарым есеге көп. Мекеме директоры осында жұмыс істеген уақытта өз қолымен 300 ден аса ұрыны ұстағанын айтады. Бірақ полицейлер шарасыз дейді.
«Ұсталған жағдайда қазіргі күнде ешқайда кетпеу туралы қолхат алынады, ішкі есепке қойылады. Содан кейін олармен күнделікті учаскелік полицейлер шара жүргізеді», – деді қалалық полиция басқармасының бастығы Асылхан Зауырбеков.
Шынымен де, вандализм әрекетіне бұрын қылмысты болған барса ғана темір торға қамалады. Ал, алғашқы рет ұрлық жасаса тек ескерту беріліп қана қояды. Мұндай жаза қылмысты тоқтатпайды дейді жұрт. Айта кетерлігі, осыдан бір апта бұрын әлдекім 10-нан аса бейіттің басындағы тақтайшаны бояп кеткен болатын.
Мерей Бает, «Алматы» арнасы, Тараздан