Телефон алаяқтардан қалай қорғанамыз - прокуратура үндеу жасады

30.04.2022 02:52

Соңғы кезде заманауи технологияларды пайдалана отырып, жасалатын "алаяқтық" әрекеттер жиілеп кеткен

coronavirus2020.kz

Алматы прокуратурасы қала тұрғындарын телефон алаяқтарынан сақ болуға шақырды. Соңғы кезде заманауи технологияларды пайдалана отырып, жасалатын "алаяқтық" әрекеттер жиілеп кеткен деп, хабарлайды Almaty.tv тілшісі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап. 

Қалалық прокуратураның мәліметінше, соңғы кездері алаяқтар кейбір тұрғындарға телефон соғып, "өздерін прокуратура қызметкеріміз" деп таныстырып, қадағалау органының алдағы тексерулері туралы айтып, азаматтарды жаңылыстыруда.

"Тексеру нәтижесін оң шешу үшін алаяқтар банктік шотқа ақшалай сыйақы жіберуді сұрайды", - дейді ведомстводан. 

Құзырлы органның дерегінше, алаяқтықтың тағы бір түрі - азаматтарға банк шоттарын бұзуға талпынған жағдай тіркелгенін немесе атына несие рәсімделгенін айтып алдау. 

"Бұзушылық әрекеттерінің алдын алу үшін олар алгоритм ұсынады. Оған сәйкес, шот иелеріне арнайы қауіпсіздік коды келуі керек, олар оны айтуды сұрайды. Сондай-ақ арнайы құралдардың көмегімен ұялы телефондағы абоненттерден құқық қорғау органдарының жұмыс істеп тұрған нөмірлері шығып тұруы мүмкін. Соңғы күндері азаматтардан мұндай сигналдардың түсуі жалғасуда. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Алматы прокуратурасы осы қылмыстық әрекеттерге бой алдырмауды және қырағы болуды сұрайды. Құқық қорғау органдары өз кезектерінде қылмыскерлерді анықтау және ұстау шараларын жүргізуде", - дейді Алматы қаласының прокуратурасы.