Әлеуметтік желі арқылы танысудың кей-кезде неге әкеліп соқтыратыны белгілі. Жуырда ғана Алматыда орын алған жантүршігерлік оқиға соның айқын дәлелі. Бірақ бұған назар аудармай артынан сан соғып қалатындар аз емес. Біреуі тоналса, екіншісі алаяқтардың құрбанына айналады. Осындай кейіпкерлердің бірімен Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай кездескен еді. Бәлкім, олардың басынан кешкені біреуге сабақ болар.
23 жастағы Азизаға 3 ай бұрын әлеуметтік желіден лақап аты Бека деген жігіт жазып жүріпті. Қыз болса оған жауап бермей, сөйлеспеген. Алайда көп уақыт өтпей сеніміне кіре бастайды. Уақыт өте келе кездесіп танысқан соң, ер адам қыздан ақша сұрай бастаған көрінеді. Азизаның айтуынша, ол жігітке имандай сенген.
«Басында 10 мың сұрады қайырымдылыққа беремін деп. Сосын 30 мың сұрады маған тез керек боп тұр деп. Сүйтіп-сүйтіп көбейе берді. Жарайды енді, танысым, сөйлесіп жүрміз. Көрдім-білдім деген соң мен оған сеніп ақшамды бердім. Содан ол маған бір кезде 150 мың сұрады. Ол қайтарып жүрді басында, кішкентай суммаларды қайтарып жүрді. Ал, үлкен суммадан кейін ол мүлдем жоқ болып кетті», – деді қала тұрғыны Азиза.
Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі әлеуметтік желі арқылы танысудың қауіптілігін, себебі онда бұрын сотты болған, қылмыс жасаған жандар отыратынын айтады.
«Әлеуметтік желіде танысып, адамдар кейде ұрлық жасап жатады. 27 жасар қала тұрғыны «В контакте» әлеуметтік желісі арқылы қыз баламен танысып, оны қонақүйге шақырған. Қыз бала ұйықтар алдында барлық алтын бұйымдарын шешіп үстелдің үстіне қойған. Осы мезетті пайдаланған күдікті оның барлық алтынын ұрлап, сағат төрттің шамасында конақүйден шығып кеткен. Қазірде жедел іздестіру шаралары барысында ол қолға түсті. Оның бұрын бірнеше рет сотталғаны белгілі болды», – деді қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шауленова.
Психолог Ғалия Махашева танымайтын адамға сеніп қалатын жандардың барлығы аңқаулықтан емес дейді. Бала жасынан ата-ананың махаббатын көрмеген бала өскенде оны танымайтын адамдардан іздейтінін айтып отыр.
«Өзіне деген жылулықты бала кезден сезіне алмаған қыздар, жігіттер әлеуметтік желідегі өзінің эмоциясын көрсете алмаған, олар тірі ортада көрсете алмайды. Оларға экранның арғы жағынан көрсету әлде қайда жеңіл. Мүмкін, ол ортада томпиған тыныш қыз шығар. Ал ішкі жан дүниесінде ол бұзық. Соны сайт арқылы экрананың арғы жағында отырған жігітке ғана көрсете алады», – деді психолог Ғалия Махашева.
Сондықтан полицейлер де, психологтар да танымайтын жандарға сене бермеуге шақырады. Бұл жай ғана ескерту емес. Таяуда ғана Алматыда болған Аяжан Еділованың ауыр өлімі, көпті ойландыратын оқиға.
Қаламқас Нысанбай