Оның бесеуі сотталып, түрлі жазаға тартылған
Биыл Алматы халықаралық әуежайында қару тасып өтпек болған 19 адам ұсталған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның бесеуі сотталып, түрлі жазаға тартылған. Салыстырар болсақ, былтыр әуежайда заңсыз қару тасымалдамақ болған 69 жолаушы ұсталыпты.
«Әуежайға келген кейбір азамат өзімен кастет, электрошокер, шоқпар, тапанша сынды суық қаруды ұстап жүреді. Өзге адамдардың қауіпсіздігі үшін, қару-жараққа рұқсаты болса да, ұшаққа алып кіруіне тыйым саламыз. Сондай-ақ, бөгде адамдардан күмәнді заттарды алмауға шақырамыз. Себебі біреудің қылмысы үшін өзіңіз жауапты болып қалуыңыз мүмкін», – деді Алматы халықаралық әуежайы АҚ саптық полиция бөлімі басшысының орынбасары Ислам Қуандық.
Қару жарақты ұшаққа алып кіруге тек арнайы мамандар мен спортшыларға, саятшыларға рұқсат берілген. Ұшу алдындағы тексерістен өтерде арнайы құжатын көрсету керек. Ел қауіпсіздігін сақтайтын заңнамаларға сәйкес, азаматтар қару-жарақтың макетін, оның ішінде ойыншық қаруларды және кәдесыйларды жабық дорбада алып жүруге міндетті.