“Қарасора – 2023” жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күні полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жамбыл облысы ҰҚК шекара қызметі департаментімен бірлесіп Қырғыз Республикасынан Қазақстанға героин жеткізу арнасының жолын кесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұрын есірткі сақтағаны үшін істі болған Алматы облысының тұрғыны ұсталып, одан салмағы 700 грамнан асатын героин есірткі затының 2 полиэтилен пакет тәркіленді. Күдікті әйел өз кінәсін толық мойындады.
– Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабының 4-бөлігі (Аса ірі мөлшерде есірткі контрабандасы) және 297-бөлігі 3-бөлігі (Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді,– деп хабарлады Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы Әлім Бажықбаев.
Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.