Атырауда бірнеше рет пара алған шенеунікке сот үкімі шықты

elements.envato.com
elements.envato.com

Қылмыстық іс Атырау қалалық №2 сотында қаралды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы жеке кәсіпкерлік директорынынан бірнеше рет пара алған. Шенеунік сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 7,5 жылға сотталды. Ал, онымен сыбайлас болған инспекторларға ірі мөлшерде айыппұл салынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қылмыстық іс Атырау қалалық №2 сотында қаралды. Күдіктілерге ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 2 және 4-тармағымен, 28-бабының 3-бөлігі, 367-бабының 2-бөлігімен айып тағылған.

Облыстық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы лауазымды тұлға болғанына қарамастан бірнеше рет ЖК директорынан 1,4 млн теңге, ШҚ басшысынан қамқорлығы үшін 500 мың теңге пара алған. Сондай-ақ, ол БҚО инспекциясының бас маманымен және ветеринарлық инспектормен алдын ала сөз байласып, ЖК директорынан жалпы қамқорлығы үшін 1,8 млн теңге пара алуды ұйымдастырған.

БҚО инспекциясының бас маманы мен ветеринарлық инспектор алдын ала сөз байласып, қамқорлық танытқаны үшін ЖК директорынан 1,8 млн теңгені пара ретінде иемденген. ЖК директоры мен ШҚ басшысы ҚР шекарасында көліктің заңсыз қозғалысы үшін пара түрінде 3,3 млн теңге және 500 мың теңгені өздері берген.

Сотталушылардың кінәсі сотталушылардың, куәлардың айғақтарымен, ақша қаражатын аудару туралы түбіртектермен, тергеу әрекеттерінің бейнежазбаларымен, мамандардың қорытындыларымен дәлелденді.

«Сотталушылардың асырауында кәмелетке толмаған балалардың бар екені, кінәларын мойындауы жаза мен қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Олар тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды. Инспекция басшысы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бас маман мен ветеринарлық инспекторға пара сомасының 60 еселенген мөлшерінде айыппұл тағайындалды. ЖК және ШҚ басшыларына пара сомасының 26 еселенген мөлшерінде айыппұл салынды. Барлығы мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды», деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Новости партнеров