Бүлдіршін ойыншық магнит тастарды жұтып қойған
2024 жылдың шілдесінде Қостанай облыстық балалар ауруханасында ойыншық магнит тастарды жұтып қойған үш жасар бала көз жұмды. Дәрігерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
2024 жылы 7 шілдеде Қостанай облыстық балалар ауруханасына Рудныйдан «денедегі бөтен зат» диагнозымен үш жасар бала келіп түсті.
Рентгенограммада бір-біріне жабысқан 10 дөңгелек магнит көрінді. Олардың бірнешеуін дәрігерлер өз бетімен ала алды, қалғанын хирургиялық жолмен алу туралы шешім қабылданды, бірақ 10 шілдеде бала ота кезінде жан тапсырды.
«Қостанай қалалық полициясының солтүстік бөлімінде 10 магнит тасты жұтып қойған кішкентай Сашаның өлімі фактісі бойынша дәрігерлерге қатысты қылмыстық істің тіркелуіне қол жеткіздік. Енді сот-медициналық сараптама және фармацевтикалық бақылау комитетінің қорытындысы негізінде тиісті медициналық көмек көрсетпеген дәрігерлерге қатысты тергеу жүргізілетін болады», – деп жазды отбасының адвокаты Дамир Хамитов Facebook-те.
Іс ҚР ҚК-нің 317-бабының 3-бөлігімен «Абайсызда адам өліміне әкеліп соққан медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы» бойынша СДТБТ-да тіркелді.
Бұған дейін адвокат баланың өлімі фактісі бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің мамандары жүргізген тексеру қорытындысын жариялаған. Онда балаға диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларын бұза отырып, емдеу шаралары дұрыс жасалмағаны көрсетілген.
Оқи отырыңыз: ҰҚК Шекара академиясы аумағынан адам қаңқасы табылды