|
22.10.2019 | 20:30
8981

Алматылықтар Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 95 жылдық мерейтойын атап өтті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев көпшілікке оқып берді

Алматылықтар Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 95 жылдық мерейтойын атап өтті

Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жасқа толды. Осыған орай Алматыда салтанатты шара өтті. Абыз жазушының мерейлі тойына арналған кешке қабырғалы қаламгерлер түгел жиналды. Мерейтой иесін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ Парламенттің Сенат және Мәжіліс спикерлері құттықтап, жеделхаттар жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақтың қабырғалы қаламгері Әбдіжәміл Нұрпейісов – ұлттық прозаны әлемдік деңгейге шығарған жазушы. Әдебиеттегі алғашқы баспалдағын роман жазумен бастаған қаламгер қазақ әдебиетіне ерекше туындыларды ұсынды. «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясы – ағамыздың ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Абыз тұлға әйгілі еңбектерінде ХХ ғасырдағы ел, туған жер, теңіз тағдырын барынша шынайы суреттейді. Елбасы  өзінің құттықтау хатында мерейтой иесін сөз өнерінің сардарына теңейді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев көпшілікке оқып берді.

«Құрметті Әбдіжәміл Кәрімұлы, мерейлі 95 жасқа толған торқалы тойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Көзі тірі классик, сөз өнерінің сардары, көрнекті қаламгер және қоғам қайраткері ретінде сіз ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына оның әлемдік деңгейде танылуына сүбелі үлесіңізді қостыңыз. Қалың жұртшылық жақсы білетін «Қан мен тер», «Соңғы парыз» сияқты әйгілі шығармаларыңыз арқылы оқырманның бірнеше буынының шынайы құрметіне бөлендіңіз. Халқымыздың саны саналы тіршілігін эпопеялық ауқыммен шебер суреттеп, өмірде қайталана бермес бірегей тұлғалардың бейнесін сомдаған, көркем туындыларыңыз жас ұрпаққа ұлағатты ой айтумен  тағылымды тәрбиелік мәнімен ерекшеленеді», - деді ҚР мемлекеттік хатшысы Қырымбек КӨШЕРБАЕВ.

Арал өңірінің тумасы Ұлы Отан соғысына да қатысқан, майданда жаны жараланған солдат көзбен көріп-білгенін роман етіп жазған. Осылайша «Курляндия» атты қалың романы дүниеге келеді. Жазушының бұл еңбектері бір төбе. Қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісов бар өмірін Арал проблемасына арнап келеді. Алматы төрінде өткен салтанатты шарада қазақ әдебиетінің абызы батасын берді.

«Мен өлең жазып жүрген, талпынып жүрген 4 жасар баланы қолдай білетін, сасқанға сая болатын, асқанға тосқан болатын қазақты көргім келеді. Ол бала – Сырдария өзенінің теңізге құятын сағасындағы Тереңөзектегі балықшының баласы. Қазір қайда екенін білмеймін. Ендеше кеше өзіміз ел болып сайлаған Қасым-Жомарт Кемелұлын бәріміз қолдайық. Жаңағы баланың сөзінің ішінде осының нобайы бар. Ендеше өзіміз кеше ықыластанып, ел болып сайлаған Қасым-Жомарт Кемелұлын бәріміз қолдайық. Бәріміз бір тудың астынан табылайық, ағайын – менің сіздерге бүгінгі беретін батам осы», - деді Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ұлы жазушының  бүкіл саналы ғұмырын шығармашылық жолына арнап, бірнеше буынды өз туындыларымен тәрбиелеп келе жатқанын ерекше атап өтті.

«Сонау сұрапыл соғыс аяқталысымен 1946 жылдың желтоқсан айында Әбдіжәміл Кәрімұлының табан тіреген жері - осы Алматы қаласы болатын. Осында ұлы Мұхтар Әуезовтің назарына ілігіп, Сәбең, Ғабеңдердің батасын алады. Әдебиетімізге құбылыс боп келген қаламгер өмірінің содан бергі барлық сәулелі шақтарын, бейнет пен зейнетке толы бақытты кезеңін осы Алматыда өткізіп келеді. Өзінің атағын төрткүл дүниеге танытқан шығармаларын да Әбекең осында жазды. Оның қаламынан туған баршаға мәлім «Қан мен тер», «Соңғы парыз» атты романдары бір өңірдің немесе белгілі бір дәуірдің ғана көркем бейнесі емес. Ол барша адамзат баласына ортақ құндылықтар туралы ой толғаған, ұлттың азаттығын көксеген, өмірдің өзіндей шынайы жасампаз туындылар еді», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.  

Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Тау тұлғаның шығармалары әлемнің 30 тіліне аударылған.

«Әбдіжәміл Нұрпейісов – қазақтың әдебиетін әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтан кейінгі екінші адам. Оның «Қан мен тер» романы, одан кейін шыққан «Соңғы парыз» деген романдары – бүкіл әлемдік деңгейге көтерілген, көптеген тілдерге аударылған, мойындалған шығармалар. Осы романдарды оқып, талай ұрпақ өсіп, өніп жатыр. Қалыптасып жатыр. Қала берді осы «Қан мен терді» оқып, әдебиетке келгеніміз есімізде», - деді жазушы, драматург Төлен ӘБДІК.

Қаламгер ретінде торқалы той иесі - «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» ордендерімен марапатталған. Ол Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиевпен бірге мемлекеттік сыйлық лауреаты атағын алған үш қазақ жазушысының бірі.

Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, Влад Шишко, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир