Алматыда әл-Фарабидің 1150 жылдығын тойлау басталды

Алматыда әл-Фарабидің 1150 жылдығын тойлау басталды
Салтанатты ашылу рәсімінде қала әкімі сөз сөйледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әбу Насыр әл-Фарабидің шет тіліндегі туындаларын туған жеріне қайтару керек. Ойшылдың шығармашылығы бойынша ашық байқау жариялалап, Алматы қаласы әкімінің стипендиясын тағайындау қажет. Мұндай ұсыныстарды мегаполис басшысы әл-Фарабидің 1150 жылдық мерей тойының ресми ашылу салтанатында айтты. Сонымен қатар, интерактивті карта жасалып, обсерватория ішінен Фараби бұрышын ашу көзделіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 



Айтулы шараға әлемнің түпкір-түпкірінен ғалымдар жиналды. Сонымен қатар, еліміздің мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев және тағы басқа ресми тұлғалар келген. Мәртебелі меймандар алдымен әл-Фарабидің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Содан кейін студенттер сарайына бет алды. Ашылу рәсімінде алғаш болып сөз сөйлеген Қырымбек Көшербаев өркениеттің ұлы ойшылы әл-Фараби тек қазақ халқының ғана емес, ислам және әлем философиясының жарық жұлдызы деді. Сондықтан, бұл мерей той ЮНЕСКО-ның атаулы күнтізбесі аясында халықаралық ауқымда аталып өтетінін жеткізді. Сондай-ақ, мемлекеттік хатшы шараның маңыздылығына да тоқталды.  


«Мерейтойды мерекелеудің басты м ақсаты – әл Фараби мұрасын зерделеуге жаңа серпін беру. Әлем тарихындағы оныңі рөлін айқындап, есімін ұлттық бренд ретінде ұлықтау. Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы бүкіл әлемдік ғылымның дамуын тарихи іргетасы және бастау көзі. Ұлы ойшылдың 160-тан астам трактаты көрініс тапқан шығармашылығы ғылымның негізгі бағыттарын дамытуға ықпал етті», - деді ҚР Мемлекеттік хатшысы, Әбу насыр әл-фарабидің 1150 жылдық мерей тойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек КӨШЕРБАЕВ.

Адамзаттың рухани дамуына теңдесіз үлес қосқан ойшылды дәріптеу басты мақсат. Сондықтан қалалық деңгейде де ауқымды шаралар ұйымдастырылмақ. Сахна төріне көтеріліп, сөз сөйлеген Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуетімізді әлем жұртшылығына паш ететін ғұламаның дәл қазақ топырағынан шыққаны біз үшін зор мақтаныш деді. Сондықтан мегаполисте атқарылуы тиіс ұсыныстарды жіпке тізді.

Олар:

1. Әл-Фараби әл-Фараби еңбектерін, шет тілдердегі аудармаларын туған жеріне қайтарып, әл-Фараби орталығының жеке қорын жасау;

2. әл-Фараби шығармашылығы бойынша ашық байқау жариялау; Алматы қаласы әкімінің стипендиясын тағайындау;

3. ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өтетін «Әл-Фараби олимпиадасын» халықаралық деңгейге көтеру;

4. Жарнамалық бағытта «Әл-Фараби ізімен» интерактивті картасын дайындап, соның негізінде интерактивті тур маршрутын жасау;

5. Алматы қаласындағы Обсерватория ішінен Фараби бұрышын ашу.  

«Тұлғаның адамдық қасиетін жетілдіру – әл-Фараби мұрасының өзегі. Ол тәрбиесіз берілген білімнің зиян екенін айтты. Яғни, тек материалдық байлық адамға бақыт әкелмейтінін ескертті. Қазіргі кәсіпкерлерге осы бағыттағы тақырыптық тренингтер аса қажет. Осы орайда Фараби ұсынған «Бақытқа жетудің даналық жолы» тренингтерін өткізу қоғамды ізгілендіруге жөн сілтейді деп ойлаймын», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Қала басшысы ұсынған дүниелерді шетелдік және отандық ғалымдар бірден қолдады. Олардың сөзінше, әл-Фараби әлем елдерінің екінші ұстазы. Оның әрбір еңбегі баға жетпес байлық деді. Ал, қазақ ғалымдары олимпияда ұйымдастыру мен әл-Фараби орталықтарын ғұламаның еңбектерімен толықтыру өте дұрыс шешім екенін жеткізді.  

«Бақытжан Сағынтаев мырза өте маңызды ұсыныстарды айтты. Бастысы білім мен мәдениетті дамытатын бағыттар. Сондықтан, біздің тарап Қазақстандық университеттермен келісімге қол қоямыз. Құжат аясында біріге жұмыс істеп, әл-Фарабиді бірге зерттемекпіз», - деді профессоры Вакур СУМЕР.

«Әл-Фарабидің қол жазбаларын алып келу өте дұрыс. Өте мен құптаймын. Себебі, бұл жерде жеке дара университеттің де шамасы келмейді. Әрине бүгінгі әкімнің аузынан есту біз үшін үлкен қуанышты. Олардың көмегінсіз, мемлекеттің қолдауынсыз жалпы қазақтың қолдауынсыз оларды қайтару мүмкін емес. Себебі ол үшін үлкен келісім керек», - деді Әл-Фараби орталығының директоры Жақыпбек АЛТАЕВ.

«Әл-Фарабидің көп туындалары Еуропада жатыр. Біразы Дамаскі мен Бағдатта.  Сол туындылардың барлығын жинақтап,  әл-Фарабидің толық шығармаларының энциклопедиясын шығару – бүгінгі күннің күттірмейтін мәселесі», - деді ҚР Сенат депутаты Әлімжан ҚҰРТАЕВ.

Мерейтойдың ресми ашылуына әлемнің 40-тан астам елінен атақты ғалымдар келген. Сонымен қатар, ЮНЕСКО, ТҮРКСКОЙ сынды бірнеше халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Әрқайсысы, Қазақстанмен бірігіп, әл-Фарабиді зерттеуге дайын екендерін жеткізді. Сондай-ақ, өз елдерінде атқарылатын шаралармен де бөлісті. Осылайша, биыл әл-Фараби орталығы ойшылдың туындаларымен толықса, қалада сан түрлі шаралар ұйымдастырылмақ. Мерейлі жылда олимпиядалар мен жарыстар да өткізіледі.


Өмір Әнуарбек, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров