Әншіні «Алматы» телеарнасы ұжымы әуежайдан арнайы күтіп алды
Бұл марапаттан бөлек Роза Рымбаева ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Алтын Жұлдыз» және «Отан» орденін алды. Мұндай жоғарғы атақ өнер жолында оның екі есе жауапкершілік жүктейтінін айтты. Биыл Қазақсанның Халық әртісінің сахнада еңбек етіп жүргеніне 45 жыл толады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Мен үшін бұл – үлкен жауапкершілік, себебі, осыған дейін еңбек еттім, енді екі есе жауапкершілікпен жоғары деңгейде өнерімді шыңдап осы көрерменге, халқыма осы нағыз өнерді жеткізуге тырысамын. Ең бірінші мақсат - бүгінгі күні халқымыздың мәдениетін өнерін, музыкалық деңгейін көтеру. Бүгінге дейін сол үшін жұмыс істеп келе жатырмын», - деді «Қазақстанның Еңбек Ері» Роза РЫМБАЕВА.
Роза Қуанышқызы - 1976 жылдан бері - «Гүлдер» республикалық эстрадалық-жастар ансамблінің мүшесі. 2000 жылы «Эстрада жұлдызы» аталымында «Жыл адамы» атанды. Қазақ КСР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қырғызстан мен Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі. Ән өнерін насихаттауда аянбай еңбек етіп келе жатқан Роза Рымбаева: «Менің бағымды ашқан «Әлия» әні болды», - деп еске алды. Әнші аталған туындыны «Алтын Орфей» фестивалінде орындап Бас жүлдені жеңіп алған болатын.