Алматы жастары Астана атауын өзгертуге қатысты пікір білдірді

26.03.2019 14:08

Халық алдында сөз сөйлеген алматылық жастар Елбасының Қазақстан тарихындағы роліне тоқталып, Астана атауын Нұр-Сұлтан деп атауды қолдайтындарын жеткізді

Алматыдағы Республика сарайының алдында мыңдаған көрерменнің қатысуымен «Сәлем, Нұр-Сұлтан! Өсе бер, өркендей бер, Нұр-Сұлтан!» деген атаумен концерт өтті. Шара Астана атауын өзгертуге қолдау ретінде ұйымдастырылған. Оған елге әлемге танымал қазақстандық спорт саңлақтары мен өнер жұлдыздары қатысты.

Халық алдында сөз сөйлеген алматылық жастар Елбасының Қазақстан тарихындағы роліне тоқталып, Астана атауын Нұр-Сұлтан деп атауды қолдайтындарын жеткізді. Өйткені, елорданың басты сәулетшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі дейді олар.

«Мен Қазақстанда өзіме ұнаған іспен айналыса аламын, сол үшін тағдырыма алғысым шексіз. Біз бүгін тарихи оқиғалардың куәсі болып отырмыз. Астанамыз Нұр-сұлтан деген атау алып отыр. Бұл ұлтымыздың Назарбаевқа деген құрметі, алғысы деп білемін. Астана еліміздің жүрегі, тәуелсіздіктің символы, халқымыздың мақтанышы боп үлгерді», - дейді ҚХА Жастар қанатының өкілі Дилярам Абдимитова.

Бокстан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Қанат Ислам да Тұңғыш Президенттің хлықаралық аренадағы беделі туралы атап өтті.

«Мен Қазақстаннан тысқары өсіп, еліміздің жетістіктеріне куә болдым, Тәуелсіздік, Отан деген асыл да, қасиетті сөздердің қадірін білдім. Еліміздің тәуелсіздік алған сәттегі толқыған, жылаған кезіміз әлі есімде. Елбасымыздың осыдан кейінгі міндеті шеттегі қазақтарға үміт отын сыйлауы еді. Дүниежүзі қазақтарына арнаған сөзінде Назарбаев қандастарды елге оралуға, мұнда оларды қонақжай бауырлары күтіп отырғанын айтты. Мен жастайымнан спортпен айналысып, Қытай атынан биік белестерді бағындырсам да, өз Отанымды ұмытпадым, оған оралуға асықтым. Осылайша елге біржола көшіп келдім», - дейді Қанат Ислам.

Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері палуан Ислам Байрамуков та Қанаттың осынау сөзін қуаттады.

«Астанамыз - бұл Елбасының төл баласы. Қанат бауырым айтқандай, спортта жүріп әлемді көп шарладым, шетелдіктер үшін Қазақстан, Астана, Нұрсұлтан сөздері тығыз байланысты екеніне көзім жетті. Сондықтан, елордаға Нұрсұлтан атауын беруді қолдаймын», - дейді Ислам Байрамуков.

Алматы Еріктілер лигасының көшбасшысы Айсұлу Ерниязованың айтуынша, аталған іс-шараға 5 мыңнан астам жас алматылық қатысқан. Олардың дені студенттер.


«Астана бүгінде брендке айналды. Астана арқылы қазақтың аты әлемге танылды. Мынау бүкіл халықаралық келісім-шарттар, осы үлкен кездесулер дүниенің назарын аударған кездесулер осы Астанада өтетін болды. Сондықтан Астана өзін-өзі ақтады деп айтуға болады. Ал енді Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстанның жаңа президенті осы Астанаға Нұрсұлтан атауын беру жөніндегі жарлығы да мен орынды деп ойлаймын. Бұл дер кезінде қабылданған шешім», – деді «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали СӘРСЕНБАЙ.

Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы