Байқаудың жабылу салтанатында Димаш Құдайберген өнер көрсетті
Қазақстандық әнші Рухия Байдүкенова халықаралық «Славян базары» өнер фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Витебскіде өткен сайысқа жалпы 30-дан астам елдің өнерпаздары қатысқан. Қызу тартыста жеңіске жеткен отандасымызға бас жүлдені қазылар алқасының төрағасы Анатолий Ярмоленко табыс етті.
Айта кетейік, әділқазылар алқасының құрамында Димаш Құдайберген де бар. Байқау аяқталысымен, үздік орындаушының суретін әлеуметтік желіде бөлісіп, қуанышты жаңалықты елге жеткізген де Димаштың әкесі Қанат Айтбаев болатын.
Халықаралық байқауда елдің атын аспандатқан 22 жасар отандасымыз Талдықорған қаласының тумасы. Қазір ол Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Эстрада және вокал» мамандығы бойынша білім алып жатыр. Мамандар «Рухия Байдүкенованың даусын мамандар төрт жарым октаваға жетеді» деп бағалап отыр.
«Мен өнерге бала кезімнен құштармын, отбасымда Байдүкен атам өнерге жақын болды. 4 сыныптан бастап Талдықорған қаласындағы Өнер мектебінде вокал сыныбында білім алдым. Қазір вокалдан сабақ беремін және менің оқушыларым – бір-біріне ұқсамайтын жеке тұлғалар. Оның арасында 5 жасар бала да бар, 30-дан асқан ересектер де бар. 22 жасымда ұстаздықты бірге алып жүру – үлкен міндет деп ойлаймын. Оның барлығы адамның өсуіне көмектеседі», – дейді жас әнші.
Айта кетейік, «Славян базары» байқауы 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. 2015 жылы Димаш Құдайберген, ал 2019 жылы – Әділхан Макин Қазақстан атынан қатысып, бас жүлде иеленген еді.