Димаш алғашқы альбомы қашан шығатынын хабарлады

24.05.2019 14:17

Димаш Құдайбергеннің алғашқы альбомы биыл жазда тыңдармандарына жол тартады

Әлемге әйгілі қазақ әншісі Димаш Құдайберген алғашқы альбомы қашан шығатынын хабарлады.

«Туған күнімнің құрметіне алғашқы жеке альбомым шығатын күнді жариялаймын», - деп әнші Instagram парақшасында жазды.



Айта кетсек, бүгін танымал әнші туған күнін атап өтіп жатыр – ол 25-ке толды.

Димаш Құдайбергеннің фанаттары сүйікті әншісін туған күнінде неше түрлі сыйлықпен таңғалдырып жатады. Бұдан бұрын хабарланғандай, Қытайдағы жанкүйері Димаштың портретін моншақпен салып, сыйға тартқан.

Сондай-ақ, туған күніне орай фанаттары Алматының LED экрандарындағы ролик арқылы құттықтауын жеткізді.

2017 жылы қарашада Димаш Alibaba Group компаниясының құрылтайшысы Джек Маның қолынан сый-сияпат алды. Бірақ қандай сыйлық екені белгісіз.

Қазір Димаш Нұр-Сұлтанда 29 маусымда өтетін жеке концертіне дайындалып жатыр.

Бұдан бұрын ол «Арнау» шоуының проморолигін жариялаған болатын.

Көптен күткен кеш «Астана Арена» стадионында Елорда күніне орай өтеді.