Сериал 2021 жылы шықты
Қазақстандық "Сержан Братан" сериалы АҚШ-тағы Stareable Fest LA фестивалінде екі марапатқа ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
"Бірден екі Stareable Fest la марапаты! Рэкетир туралы хикая Best Drama және Best in Directing номинациялары бойынша үздік деп танылды", - деп атап өтті авторлар.
Сериал 2021 жылы шықты. Жанры - криминал драма, комедия. Режиссері - Әлішер Утев, сценарийін Сергей Литвченкомен бірге жазған.
Сериалдың сюжеті бойынша алматылық рэкетир комада 23 жыл жатып, кенеттен оянады. Ол 2021 жыл болғанын түсінеді. Айнала танымастай өзгерген. Енді ол жаңа жағдайға бейімделіп, отбасымен - әйелі, полицияда жұмыс істейтін қызы және блогер ұлымен тіл табысуы керек.
"Осы жобаны жасағандар мен қатысқандардың бәріне алғыс білдіреміз! Әрине, біздің көрермендерге рахмет!"- деп жазды жобаны жасаушылар.
Stareable Fest - АҚШ-тағы тәуелсіз теле және веб-сериалдардың жыл сайынғы ең беделді фестивальдерінің бірі.