Қазақстандық актриса Аружан Жазылбекова Лос-Анджелесте өткен кинофестивальде «Композитор» фильміндегі рөлі үшін «Үздік әйел рөлі» номинациясында жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Stan.kz.
Бұл туралы актрисаның өзі Instagram желісінде жазып, жүлденің табысталған сәтінің видеосын жариялады.
Аружан Жазылбекова фильмнің түсірілім тобымен бірге Лос-Анджелестегі Golden Screen Awards сыйлығын табыстау кешіне қатысты. Кинофестивальде актрисаның өзі де жүлдесіз қалмады. Ол «Композитор» фильмінде сомдаған рөлі үшін «Үздік әйел рөлі» номинациясында сыйлыққа ие болды.
Сәбит Құрманбеков пен Шерзат Якуб режиссерлік еткен биографиялық фильм Қытай композиторы Сянь Синхайдың өмірі туралы түсірілген. Туындыда композитордың КСРО-да болған жылдары, қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовпен танысуы мен достығы көрініс тапқан. Фильмде Аружан Жазылбекова басты рөлдердің бірі - Бақытжан Байқадамовтың қарындасы Данашты сомдаған.
Сонымен қатар, фильмге Берік Айтжанов, Ху Цзюнь, Алтынай Нөгербек, Ділназ Нұрсейіт пен Юань Цюань тәрізді өнер иелері түсті.