|
04.05.2024 | 09:56
3771

Алматыда ғалым Әбдімәлік Нысанбаев пен суретші Сабыр Мәмбеевтің құрметіне мемориалдық тақта ашылды

Ескерткіш тақтайша олардың тұрған үйіне орнатылды

Алматыда ғалым Әбдімәлік Нысанбаев пен суретші Сабыр Мәмбеевтің құрметіне мемориалдық тақта ашылды қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдімәлік Нысанбаевтың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халық суретшісі, мемлекет және қоғам қайраткері Сабыр Мәмбеевтің құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Ескерткіш тақтайша олардың тұрған үйіне орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әбдімәлік Нысанбаевтың өмірінің көп бөлігі философия және құқық институтымен тығыз байланысты. Мұнда ол аға зертханашыдан директорға дейін көтерілді. Әбдімәлік Нысанбаев 570-тен астам ғылыми, ғылыми-сараптамалық, ғылыми-әдістемелік жұмыстың, соның ішінде 30 монография, жеке кітаптар мен оқу құралдарын жазды. Бірқатар еңбегі 25 шет тілінде жарық көрді.

Академиктің негізгі зерттеу жұмысы диалектика мен таным теориясы, ғылым философиясы мен әдіснамасы, қазақ және түркі философиясы, әлеуметтік және саяси философия, саясаттану мен мәдениеттану мәселелеріне арналды. Ол ғылым мектебін құрып, көптеген PhD докторлары мен кандидаттарын дайындады.

«Әбдімәлік Нысанбайұлы өзінің бүкіл саналы өмірін ғылымға арнады. Ол Қазақстан Республикасы мен шетелдердің беделді наградасымен марапатталды. Ол ұлт руханиятының дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым ретінде халқымыздың жүрегінде мәңгі қалады», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов.

Айта кетейік, Сабыр Мәмбеев 1946 жылы Алматы көркемсурет училищесін, содан кейін И.Е. Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтын тәмамдады. Қазақстан Суретшілер одағын басқарып, оқытушылық қызметті қатар алып жүрді. Оның көптеген жұмысы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында сақталған. Ең үздік картиналары «Тауда» (1957), «Киіз үйде» (1958). Ескерткіш тақта Еңбек сіңірген өнер қайраткері тұрған Назарбаев даңғылындағы №128 үйде орнатылды.

Оқи отырыңыз: Алмалы ауданында мансап күні өтті

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир