Самал Еслямова басты рөлді сомдайтын «Барымташылар. Уақыт жолы» фильмі Францияның 21 қаласында прокатқа шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қуанышты хабарды фильм продюсері Юлия Ким Instagram желісінде жазды.
«Біздің «Барымташылар. Уақыт жолдары» фильміміз ақыры Францияда прокатқа шықты және 21 қалада көрсетіледі! Қиындыққа толы бір жарым жыл ішінде көп күш-жігер жұмсалды. Карантин мен санитарлық шараларға байланысты шығарылым үш рет тоқтатылды. Бастапқыда еңсеміз түскен еді, содан кейін қайтадан ұмтылып көруді ұйғардық. Содан кейін қайтадан. Өйткені, бұл фильм үлкен экрандар үшін түсірілген еді», – деп жазды продюсер.
Оның айтуынша, POSITIF, TÉLÉRAMA, Le Polyester сынды танымал кинобасылымдар фильмге қолдау көрсетуде. Әйгілі Le MONDE газетінің сайтында да фильм туралы жағымды пікір жарияланған.
«Жапондық режиссер Лиза Такебамен бірге түсірген фильміміз әлемдік кинематограф отанында көрсетілуде. Мұндай оқиға менің өмірімде бірінші рет болып жатыр. Мен Париж кинотеатрларының біріне жасырын кіргім келеді, біздің фильмді француз көрермендерімен бірге көріп, олардың реакциясын сезгім келеді»,– дейді фильм режиссері Ерлан Нұрмұхамедов.
29 шілде күні Парижде барлық санитарлық талаптар сақталып, фильмнің арнайы көрсетілімі өтеді. Онда қазақтың ұлттық тағамдары қойылады.
Бұған дейін Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген «Барымташылар. Уақыт жолы» фильмі Францияда 16 желтоқсанда прокатқа шығуы тиіс болатын. Картинаның режиссерлері – Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан) және Лиза Такэба (Жапония). Фильмінің өндірісіне Қазақстан тарапынан Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, жапон тарапынан – «Tokyo New Cinema» компаниясы атсалысқан.
Басты рөлдерде Канн кинофестивалінің жүлдегері Самал Еслямова, танымал жапон актері Мирай Морияма, қазақстандық театр және кино актері Дулыға Ақмолда және жас актер Мәди Менайдаров ойнады.