«Уайымдамаңыздар»: Гауһар Әлімбекова түрмеден хат жолдады

04.02.2019 15:12
nur.kz

30-шы қаңтар күні алты жылға бас бостандығынан айырылып, күллі елді елең еткізген әнші Гауһар Әлімбекова түрмеден хат жазған. Әншінің хатын Instagram желісінде журналист Бибігүл Дәулетбекқызы жариялады, деп хабарлайды NUR.KZ.

Әншінің сөзінше, бәрі астаң-кестең болып, не болғанын өзі де түсінбей қалған.

«Қалайсыңдар? Менде бәрі тамаша!!! Қайран Қазағым-ай, не боп кетті, түсінбей қалдым. Ешбір дәлел болмаса да, ең бастысы - ақшаны алған адам толық мойындап тұрса да, қалай бәрі астаң-кестең боп кетті, мең-зең болып, жүрегім бір сәтте тоқтап қалғандай болды... 

Алаяқтық деген де үлкен бір өнер ғой, менің қолымнан ән шығарып, сол әнді жеткізгеннен басқа қолымнан ешнәрсе келмейді ғой, қайтемін, маңдайға жазылғанды көріп жатырмын.

Мүмкін Бақыт тәте мені темір торға отырғыздым деп мәз боп бақытты боп жүрген шығар, мен оған жамандық тілемеймін, Алла разылығы үшін кешірдім. Алланың осы бір сынақты бергеніне шүкір.

Ең маңыздысы - бұл шіркіндердің тұмшаланған темір тордың ішінде бас бостандығымнан айырғанымен, менің Аллаға деген сенімім мен халықтың маған деген-ыстық ықыласы мен менің халыққа деген үлкен махаббатымды тартып ала алмайды, себебі, шығарып алған қолыма гипс салдыруға емханаға апарғанда, сол жердегі қыз-келіншектер мені танып қойып, құшақтап жылап, сабырлы бол-дегенде, түк түсінбей, бұлар қайдан біледі деп тұрып қалдым.

Сөйтсем бәрі Инстаграм желісінен хабардар екен. Көзімнің жасы мөлт-мөлт етіп, «Бір тамшы көздің жасындай» болды. Қысқасы, мейлі, уайымдамаңыздар, бәрі жақсы, Алла нәсіп етсе-амандықпен кездесерміз!!! Айтқандай, кеше абыр-сабырмен ұмытып кетіппін, түнде осында келіп тар бөлмеге, тас төсекке кеп жатқанда көзім темір тормен қоршалған терезеге түсіп жатып, осы күні анам-марқұмның Жер-бесікке бөленген күні екені есіме түсіп, көз жасыма ерік бердім.

Бір мезетте апамның алақаны мөлт-мөлт етіп аққан көз жасымды тоқтатып, маңдайымнан, шашымнан сипап, «Жасаған бере салғаным, сабырлы бол» - деп жұбатқандай болды. Әруағыңнан айналайын, Ғазиз-Анам, Асқар Тау-Әкем, жатқан жерлерің жайлы, жандарың-жәннатта болсын!!!

Сүйікті қыздарыңыз: Гауһар Әлімбекова, 2 ақпан 2019 жыл», - делінген хатта.

Еске сала кетейік, 30 қаңтар күні Гауһар Әлімбекованың «алаяқтық» бабымен жауапқа тартылып, 6 жылға бас бостандағынан айырылғаны белгілі болды.