Бүгін белгілі актер Фархат Әбдірайымов жүрек талмасына ұшырап Грузияда қайтыс болды. Көрерменге «Фара» рөлімен танылған тұлға киносүйер қауымның сүйіктісіне айналып үлгерген еді. Мезгілсіз қайтқан арыстай азаматтың денесі ертең елге жеткізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Күні кеше әлеуметтік желіде осылай деп видео жариялаған Фархат Нұрсұлтанұлы бүгін таңертең өмірден өтті. Ол Грузияның Тбилиси қаласында кезекті киноның түсіріліміне қатысып жатқан. Үнемі ізденіс пен көңілді күйде жүретін актердің талантын әріптестері әрқашан жоғары бағалайды.
«Талай киноға түскен. Қазақ киносының дамуына біраз еңбегі сіңді актер ретінде. Адам ретінде де адамгершілігі мол, ақкөңіл, таза, жақсы кісі болатын. Ер-азаматқа 55 жас деген түк емес қой, әлі де тірі жүрсе талай жақсы-жақсы киноларда ойнар ма еді деген үміт. Енді Алланың ісіне шара жоқ қой», – деді режиссер Рүстем Әбдірәш.
Фархат Әбдірайымов қалың көрерменге «Рэкетир-2», «Фара», «Махаббат тәлкегі» сынды фильмдегі рөлімен кең танылған. Телеэкранға алғаш 1996 жылы Қазақстан мен Ресей бірлесіп түсірген «Кімнің жаны нәзік болса» фильмімен келді. Бөлек болмысы, балаша шынайылығы мен аңғарымпаздығы – оны үлкен экранның жұлдызы етті, дейді Фархаттың алғашқы режиссері.
«Керемет адам еді. Мен оны «Кімнің жаны нәзік болса» фильміне кейіпкер іздеп жүргенде таптым. Өз ісіне аса ұқыпты, көңілді осы бір азаматқа кейін арнайы «Фара» фильмін жаздық. Не істесе де жанын салып, айналасын шуаққа бөлеп жүріп істейтін. Аяқ асты болған мына жағдайға көңіл әлі сенбей тұр», – деді режиссер Абай Қарпықов.
«Отандық кинемотограф ақкөңіл актер, өз ісінің шебері Фархат Нұрсұлтанұлынан айырылып отыр. Өте қайғылы жағдай. Жаны жайсаң адам еді, бәрі «Фара» деп атап кеткен», – деді актер, режиссер Төлепберген Байсақалов.
Жүрген ортасын әзіл-қалжыңға, достық пен сыйластыққа толтырған Фархат Нұрсұлтанұлы қаңтар айында 55 жасқа толған еді. Ол Ресей кинопрессасында «Үздік актер» деп танылған. Отандық киноәлемде «Жылдың киножұлдызы», «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығының екі дүркін лауреаты болған актер ендігіде көрермен көңілінен өшпек емес.