Оны жасап шығуға 1 айға жуық уақыт кеткен
Павлодарда суретші баланың мүсіні пайда болды. Усолка шағын ауданында орын алған мүсінді көркемсурет мектебінің түлегі Абылайхан Абылқасымов мүсінші атасымен бірлесіп жасаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Жас суретші бұл мүсінді мектеп бітіргеннен кейінгі дипломдық жұмысының тақырыбы ретінде таңдаған. Оған мүсінді жасауға атасы, белгілі мүсінші Марат Абылқасымов көмектескен.
«Немереміз екеуіміз суретші баланың мүсінін жасап шығардық. Бұл – жүгіріп бара жатқан баланың бейнесі. Оң жақ қолында қылқалам мен оның үстіндегі құсты көруге болады. Екінші қолында суретшінің құрал-жабдықтары салынатын шағын чемонданы бар. Бір жағынан естелік ретінде осындай туынды жасауды жөн көрдік», – деді Марат Абылқасымов.
Ескерткіш бетоннан жасалған. Іші темір. Оны жасап шығуға 1 айға жуық уақыт кеткен. Мүсіннің шығынын немересі мен атасы өздері көтерген.
Абылайхан алдағы уақытта Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжіне мүсінші мамандығына оқуды жоспарлап отыр.
«Немеремнің кішкентай кезінен менің жолымды қуғанын қаладым. Содан суретшілер мектебінде оқыды. Биыл 9-сынып бітіреді. Енді колледжде оқуын жалғастырмақ. Мүсінші болуға икемі бар. Болашағынан үміт күтемін. Өзім іссапарларда жүрген соң оның қасында көп сурет салып көрмедім. Бірақ осы жолы мүсінді жасауда біраз дүниені игерді. Металлды кесуді, дәнекерлеуді, бетонмен араластырып сылауды, ою оюды көрсеттім», – деді Марат Абылқасымов.
Марат Абылқасымов мүсін жасау өнерімен 15 жылдан астам шұғылданып келеді. Оның жұмыстары еліміздің бірнеше қаласында орналасқан. Павлодар қаласында 10-нан астам мүсіні қойылған. Олардың ішінде Мәшһүр Жүсіп көшесі бойындағы «Қазақтелеком» алдында тұрған «Сүйрік» балығының мүсіні, қала сыртындағы ашаршылық құрбандарына арналған мүсін бар.