Қазақстандық фильм Locarno Film Festival байқау бағдарламасына енді

12.07.2024 16:17

Швейцария кинофестивалі – ең беделді фестивальдердің бірі және әлемдік киноиндустриядағы ықпалы зор бестіктің қатарында

пресс-служба Министерства культуры и информации РК

Қазақстандық режиссер Аруан Анартайдың «Joqtau» дебюттік фильмі Locarno Film Festival Халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына еніп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Швейцария кинофестивалі – ең беделді фестивальдердің бірі және әлемдік киноиндустриядағы ықпалы зор бестіктің қатарында.

Локарнодағы 77-кинофестиваль 2024 жылдың 7-17 тамызы аралығында өтеді. Байқауға түскен әр фильм бес ретке дейін фестивальдің 10 алаңында көрсетіледі.

Роуд-муви жанрындағы фильмде қазақ даласы мен оның түкпіріне сапарға шыққандар туралы баяндалады. Кейіпкерлер түрлі оқиғаларды бастан кешіріп, олардың ұстанымдары мен сенімі сыналады.

Фильмдегі басты рөлдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Исбек Әбілмәжінов, көрерменге «Қаш», «Патриоттар уақыты», «Сақтаушы» картиналары арқылы танылған, атышулы «Дәстүр» фильмінде ойнаған Ермек Шынболатов, сондай-ақ «Joqtau» фильмі – мансабындағы алғашқы жоба болған актриса Ирина Балкова сомдайды. .

«Joqtau» фильмі үшін композитор Санжар Бәйтереков қазақтың ұлттық аспабы қобызбен инструменталды музыка жазды.

Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілген.

Оқи отырыңыз: Орталық және Оңтүстік Еуропаны аптап ыстық шарпыды