Әнші 16 қыркүйек күні таңертең көз жұмды
Жанар Хамитовамен дуэт орындап, бейнебаян түсірген жақын досы Рысбек Аташ әншінің соңғы өтінішін айтты, деп хабарлайды Sputnik.
«Маған Нұржанмен кездестірші деп айтқан. Бұрынғыдай бәріміз отырсақ, сөйлессек дейтін. Сосын «Астарлы ақиқатта» берген соңғы сұқбатта Нұржанға қатысты қатты айтып қойдым. Сол үшін кешірім сұрағым келеді, соған өкініп жүрмін деді. Кездестірші деп өтінді. Кездескенше осыны жеткізші деп айтып жүретін. Соған қарағанда, жанына тыныштық керек болған ғой», – деді Рысбек Аташ.
Ол араға он бір жыл салып сахнаға оралған Жанар Хамитовамен бірге түсірген бейнебаяндары туралы айтып өтті.
«Жанар Алматыға келгеннен кейін Сиви ханыммен жұмыс істеді. Екеуіміз «Айтқым келеді» деген әнге клип түсірдік. Халық тарапынан жақсы қолдау болғаннан кейін тағы бір «Күннен күнге» деген ән жазылды. Клип те түсірілді», – деді Рысбек.
Аташтың айтуынша, әншінің отбасылық проблемалары болды, балаларын қатты сағынып жүрген екен.
«Жанардың отбасылық проблемалары болды. Содан көңіл-күйі дұрыс болмады. Сосын Жанар әрбір нәрсені жүрегіне жақын қабылдайтын жандардың қатарынан ғой. Кейбір нәрселерді көтере алмай қалады. Енді ажырасу оңай емес. Бала-шағасы қасында емес. Анаға ауыр ғой. Сағынамын, көргім келеді деп айтып жүретін», – дейді ол.
Жанар Қарағандыға барғаннан кейін жаңа әндерді шығаруды жоспарлағанын айтқан. Арасында тойға шығып, ақша табатынын да жеткізген.
«Жанардың басты мақсаты адам болу еді. Ол өте ақылды жан болатын. Тұрмысқа шыққанға дейін араластық. Жақсы дос болдық. Өз қолында болса, жан-жаққа көмектескісі келіп тұратын. Дос-құрбыларына үнемі көмектесіп жүретін. Далада кетіп бара жатқан мысықтың өзін құшақтап алатын. Сондай бір шынайы адам болды. Біреуді ұнатпаса, тіке айтатын», - дейді Рысбек.
Сөз соңында әнші жақын досының қазасын қатты күйзеліспен қабылдағанын айтып, әлі күнге сене алмай жүргенін жеткізді.
«Енді, сене алмаймыз ғой, әлі күнге дейін сенбейміз. Анау "хайп" деген дүние бар ғой. Сол "хайп" болса екен деп тілейсің. Қимайсың...Рас болды дегенде қатты тиді», - дейді Аташ.
«Арнау» дуэтінің экс-әншісі Жанар Хамитова 16 қыркүйек күні таңертең көз жұмды. 30 жастағы әншінің өлімін Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Сейсенбі күні таңертең ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев Жанардың өз-өзіне қол жұмсағанын мәлімдеді.
Оның қазасына қатысты тиісті сараптамалар тағайындалған, қылмыстық кодекстің 105-бабы бірінші бөліміне (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сәйкес тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.