Ерке Есмаханның бейнебаяны бір апта ішінде 2 млн 600 мың қаралым жинап үлгерген
Көпшілік Ерке Есмахан мен Медет Көжекбаевтың бір локацияда клип түсіргенін байқап қойған. Отандық бейнебаяндардың олқылығы жайлы «Той Думан» арнасының Instagram парақшасында айтылды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Ерке Есмаханның «1001 түн» әні мен Медет Көжекбаевтың «Махаббат керек» әні бір бөлме ішінде түсірілген.
«Әншілерімізге идея жетпейді» деп жатамыз. Енді жап-жақсы идеясы бар туындыларға локацияның жетпей қалатыны несі?! Ай, бір кем дүние! Жалпы, махаббат туралы ән айтқанға жақсы бөлме екен. Қай әнге көбірек сәйкес келеді?», - деп жазды «Той-Думан» арнасы.
Ал желі қолданушылары бұл локацияда ең алғаш «Ринго» тобының әншісі Әділжан Омаровтың ән айтқанын жарыса жазды.
«Ескі жиһазы бар пәтерде ән айту сәннен қалды», «Қайда түссе де, шешінбесе болды», «Еркенің бейнебаяны негізі жүрекке жетті».
«Кімнің клипі бірінші жарыққа шықты?», «Әншілерден емес, клипті түсіретін адамдардан кеткен қателік қой», «Екеуінің клипін салыстырудың өзі ерсі», - деп жазды желі қолданушылары.
Айта кетейік, Ерке Есмахан Атырауда ерлікпен қаза тапқан 24 жастағы полицейге «1001 түн» әнін арнаған болатын.
Әншінің бейнебаяны бір апта ішінде 2 млн 600 мың қаралым жинап үлгерген.
Ал Медет Көжекбаевтың «Махаббат керек» бейнебаяны осыдан бір жыл бұрын жарыққа шыққан. Алайда бейнебаян Ерке Есмаханның туындысы секілді қаралым жинамаған. «Арай» тобының әншісі бір жыл ішінде 89 мың қаралымды қанағат тұтқан.