Гауһар Әлімбекова күйеуіне бір көргеннен ғашық болып, оны өзінің ашық-жарқын мінезімен бірден баурап алған.
Талай қызды «Ақ келін» әнімен құтты орнына қондырған отандық әнші Гауһар Әлімбекованың 6 жылға бас бостандығынан айырылғанын естіген көпшілік есеңгіреп қалды. Гитарасымен елдің жүрегінен орын таба білген танымал сазгер, әнші Гауһар Әлімбекова жайлы мәліметтерді NUR.KZ ұсынады.
Әнші 2016 жылы 45 жасында тұрмысқа шыққан болатын.
Гауһар Әлімбекова күйеуіне бір көргеннен ғашық болып, оны өзінің ашық-жарқын мінезімен бірден баурап алған.
«Кәдімгі қыз-жігіт секілді танысып, кездесіп, сөйлестік. Мен қазақтың қыздары секілді өтірік майысып, сызылып отыра алмаймын. Барлық жерде ашық-жарқын, әзілдесіп, сөзбен тиісіп, күлдіріп жүремін. Жолдасым да осы қалжыңбастығыма әзілмен жауап беріп, жақын тартты. Бұрын «бір көргеннен-ақ ғашық болыпты» десе сенбейтін едім, бірақ мен ол кісіні бір көргеннен ұнатып қалғанымды сездім. Уақыт өте келе ол кісі қоңырау шалса қуанатын дәрежеге жеттім. Өзім де ол кісінің мені ұнататынын сездім. Бірақ сөз айтатын түрі жоқ. Өзім сөз салдырттым десем де болады», - деген болатын әнші «Кешкі кездесу» бағдарламасында.
Әнші оқушы кезінен гитараға үйір болып, өздігінен ән шығара бастаған. Оның туындыларының көбісі отбасы мен махаббат тақырыбына арналады.
Ал Гауһар Әлімбекованың «Ақ келін» әні алғаш рет жарыққа шыққанда, қазақтың кез келген қызы осы әнмен ұзатылатын болған.
Сонымен қатар әншінің «Қыз сезімі», «Көктемгі жаңбыр», «Сен барда», «Келінге өсиет», «Махаббат құдіреті» атты хит әндері бар.
2014 жылы әнші «Жазығым не?» атты танымал әніне бейнебаян түсірді.
Сондай-ақ әнші «Келінге өсиет», «Перзент сыры» әндеріне де клип түсірген.
2016 жылы Гауһар Әлімбекова Астанада жеке концертін өткізді.
Естеріңізге сала кетейік, 30 қаңтар күні Гауһар Әлімбекованың «алаяқтық» үшін 6 жылға сотталғаны белгілі болды.
Ал танымал журналист Бибігүл Дәулетбекқызы көпшілікке әншінің қарыз болған 40 мың АҚШ долларын жинап беруді ұсынды.
Отандық әншілер де журналистің сөзіне қолдау білдіріп, Гауһар Әлімбековаға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.