Егіз қызына жүкті болған кезде Индира Расылхан қатты жылаған көрінеді
Индира Расылхан егіздерінің дүниеге келуі туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz.
Өнер иесі тұңғыш қызы қатты ауырып, дүниеден озғаны туралы жеткізді. Алайда, сондай қиын қыстау кездің өзінде сынбай, тәңірден бір жақсылық тілеумен болған әнші иманының мықты екенін айтқан.
«Алланың қалауымен қызымды бұл өмірден алып кетті. Сол кезде иманымның мықты болғандығы соншалықты, жыласам да Алладан сұрай бердім. Қайырлысын бер, өзің бердің, өзіңе қайтарылды дедім. Сабырлығымның арқасында құламай, ол кезеңнен де өттім», - дейді Индира Расылхан.
Осылай барға шүкіршілік еткен Индира Расылхан көп өтпей, егіз құрсақ көтереді. Солайша ол өзін тек жақсы ойларға жетелеп, қайғының артынан қуаныш келгенін түсінген. Сондықтан қызының қайғысын жуатын қуаныш бергені үшін Аллаға шүкіршілік етіп, қатты жылаған көрінеді.
«Бір жыл сегіз ай өткен соң, Алла мені егіз қыздармен сүйіншіледі. Құрсағыма біткенін де сезбей қалғанмын ғой. Дәрігерге УЗИ- ге барсам, егіз деп айтқанда, жатып алып жылағанымды көрсеңіз ғой. Жылағанда да Аллаға шүкіршілігімді айтып жыладым. Анамның да қуанғаны соншалықты, көзіне жас алып тұрып, «Бүгін түсімде көріп едім, екі қолыңда, екі пакетте толы шокаладпен үйге қарай келе жатқаныңды» деп құшақтай алды. Анамның қолында өссе де олар менен алыстамады», - дейді Индира Расылхан.
Қазіргі таңда өнер иесінің қос бұрымдысы кәмелет жастан асқан. Индира Расылхан қыздарының өзіне ақылшы, кеңесші болатын деңгейге жеткенін айтып мақтанды.
«Қазір қыздарымның жасы 18 ден асты. Құрсағымда болғанда, ешқандай мәселені ойламадым да, көңілімді түсірмеуге тырысып бақтым. Ойымда тек қана аман есен, дені сау балаларды дүниеге әкелсем деген нәрсе ғана тұрды. Қазір олар - менің қос қанатым, менің ақылшыларым», - дейді Индира Расылхан.