|
07.09.2021 | 11:52
5869

Жігер Ауыпбаев талантымен елді тамсандырған «қойшы» баланы қалаға алып келді

Айдос Кәденұлы TikTok-та екі күннің ішінде 1,5 млн қаралым жинаған

Жігер Ауыпбаев талантымен елді тамсандырған «қойшы» баланы қалаға алып келді jiger_auypbaev instagram парақшасынан

Әлеуметтік желіні дауысымен таңғалдырып, екі күннің ішінде 1,5 млн қаралым жинаған «қойшы» баланы әнші Жігер Ауыпбаев қалаға алып келді. Бұл туралы әнші өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Бұлақ көрсең көзін аш». «Қойшы» баланың жайлауына барып ата-анасының алдынан өтіп қайттық. Сайын далада еш заңдылыққа бағынбай қой бағып жүріп емін-еркін сайрап өскен «қойшы» баланың бойынан бала күнгі Жігерді көргендей болдым. Туған ауылым Кегеннің оң жақ қапталынан орын тепкен Көкпияз ауылында балалық шағымның бір бөлшегі қой бағумен өткен еді. Өрісте қой кезекте жүріп кеш батқанша уақыт өтпей қоятын. Сол кезде астымдағы атымды тұсап қойып қойларға айқайлап ән айтып беретін едім. Таудың тәрбиесі бөлек қой», – деді әнші.  

Жігер Ауыпбаевтан бұрын «қойшы» балаға біраз әнші хабарласып қолқа салған көрінеді.

«Маған дейін біраз жандар хабарласып «қойшы» балаға қолқа салған екен. Қойшы баланың ата-анасы, бауырлары маған шәкірттікке беруге ниетті екенін білдірді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға». Өзім әлі күнге дейін біреуге шәкіртпін. Десек те, осы күнге дейін жиған азды-көпті ілім-біліміммен енді қойшы баланы баптап көреміз. Өнер жолы өте ұзақ жол. Бұл жолда өнерді сүйген адам ғана жетістікке жетеді. Арманға жету жолында қаншама қиындықтар, соқпақ жолдар кездеседі. Солардың бәрінен сүрінбей өткен адамның маңдайы жарқырайды. Ал сіздер қойшы бала екеумізге сәттілік тілеп, ақ баталарыңызды беріп қойыңыздар», – деп жазды өнер иесі.

Айта кетейік, осыған дейін Айдос Кәденұлы «Алматы» телеарнасының «Таңғы Studio» бағдарламасында сұхбат берген болатын. 



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

ән өнер
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир