Павлодарлық жас әнші Нұр-Сұлтан қаласына ән арнады (ВИДЕО)

pavlodarnews.kz
pavlodarnews.kz
Шыңғыс Асығатұлының айтуынша, бұл оның үшінші авторлық әні екен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Павлодарлық талантты жас әнші Шыңғыс Асығатұлы елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына жаңа туындысын тарту етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Шыңғыс Асығатұлының айтуынша, бұл оның үшінші авторлық әні.

«Бұл менің репертуарымдағы үшінші әнім. Ең бірінші «Ағалар мен әпкелер» әні жарыққа шықты. Кейін өнер жолында жүргендіктен, елімнен бата сұрап «Батаңды бер, халқым» әнін жаздым. Жалпы, елордамызға арнап ән жазу көптен бері ойымда жүрген. Негізі, ол бір ай бұрын дайын болған. Алайда, бас қаламыздың аты өзгергендіктен, әннің сөзіне де сәл өзгеріс енгіздік. Музыканы өңдеу және дауысты тазартумен павлодарлық Елемес Өмірзақ және астаналық танымал маман Арман Мұқашев айналысты», - дейді жас талант.

Айта кетейік, туындының әні мен сөзін белгілі айтыскер ақын, композитор Асығат Тұрғанбек жазған. Шыңғыс бүгінгі күні Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 6 «а» сыныбында оқиды.

Жас та болса өнерлі бала жуырда республикалық «Жыр алыбы - Жамбыл» атты оқушылар арасындағы айтыстан екінші орын иеленіп келген. Бос уақытында баскетбол ойнап, күй тартып, терме айтқанды ұнатады.




Новости партнеров