Қазіргі таңда 15156 билет сатылған
Әнші Димаш Құдайбергеннің елордада өтетін жеке концертіне билеттердің 70 пайызы сатылып кетті. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасө мәслихатында «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Димаш Құдайбергеннің концерті 29 маусымда Нұр-Сұлтанда өтеді. Наурыздың 18-нен бастап билет сатыла бастаған.
«Өте үлкен қызығушылықты байқап отырмыз. Келем деушілер өте көп. Талдау жүргізікп көрдік. Концертке билет сатып алушылардың ең көбі қазақстандықтар. Одан кейін Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия, Жапония, Түркия, Нидерланды, Румыния, Польша және т.б елдер. Ең алыс елдердің арасында: Бразилия, Мексика, Африка, Канада, Австралия. Билеттер сатылымға шыққан алғашқы күні 6926 билет (30%) сатылған. Бір аптадан кейін билеттер сатылымы 11099-ға (48,2%) жеткен. Бүгінде сатылым 70 пайызға жеткен. Яғни, 15156 билет сатылды. Димаштың концертіне келем деушілердің саны өте көп, үлкен аншлагпен өтеді», - дейді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, Димаштың Мәскеудегі концертіне 50 елден жанкүйерлері келген. Елордадағы концертте жанкүйерлердің саны одан да көп болады деген үміт бар.
«Қосымша жаңа әндер орындалатын болады. Шоу кинетикалық стильде құрылған, оның образына дейін имиджмейкерлермен кеңінен ойластырылған. Әр нөмір - ортақ идеяны жеткізетін жеке оқиға, шағын спектакль десе болады. Қазіргі сәтте барлық техникалық жағдайлар, мультимедиялық шешімдер, сахнаның әрленуі, дыбыс пен жарық мәселесі шешілді. Енді декорация мен реквизит қарастырылып жатыр. Концерттін тв нұсқасын сапалы түсіру жұмыстары да ойластырылуда, алдағы 3 айға жоспар құрылған. Шығармашылық топ музыкалық материалдармен, қойылым жұмыстары мен графикалық шешімдер толық іске асырылып жатыр. Концертке қатысатын әр түрлі жанрдағы бишілер тобына арнайы кастинг жүргізілді. Кастинг қорытындысы бойынша халықаралық алаңдарда өнер көрсеткен еліміздің ең мықты бишілері қатысатын болды», - дейді ол.
Тағы да бір жаңалықты айта кетейін, мамыр айының мерекелік күндерінде Ұлттық арнада Мәскеудегі Кремль сарайында 22 наурызда өткен Димаштың концерті эфирге шығады.