Бүгін – жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл

28.02.2021 19:39

Жамбылдың қанатты шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады

qulantany.kz

Жамбыл Жабаев 1846 жылғы ақпан айының 28 күні Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Бүгін – ақынның туғанына 175 жыл деп хабарлайды, Almaty.tv.

Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алады.

Жамбылдың өсіп-өнген топырағында ән-күй, ақындық –жыраулық өнер айрықша биікке көтерілген. М. Әуезовтың «қазақ халқында ерекше дамыған айтыс өнері ХІХ ғасырдан бергі жерде өзге жерлерде саябырсып, Жетісу, оңтүстік өлкелерінде шоғырлана бастайды» деуінде үлкен тарихи себеп бар. Біріншіден, Қазақстанның өзге өңірлерін ертерек шарпыған отаршылдық ел ішінің дәстүрлі қалпына өктемдігін жүргізіп, шырқын бұзып үлгергенде, Жетісу алабы әзірше қағаберісте еді. Екіншіден, бұл өңірдің ертеден тамырын тереңге жайған өнерпаздық дәстүрі шын мәнінде ХІХ ғасырдан бергі жерде айрықша биік өреге көтеріліп еді. Осы кезеңде Жетісуға сонау Арқадан ұлы Абайдың келуі, Біржан, Шашубай, балуан Шолақ сияқты дауылпаз әнші-ақындардың келуі, Таластан – Жалайыр Түбектің келуі, оңтүстіктен – Майкөт пен Майлықожаның келуі, Атыраудан – Құрманғазының келуі, сөз жоқ, ең алдымен олардың алыстан жаңғырығы жеткен ұлы өнер мектебіне деген ұмтылыстарына байланысты еді.

Осындай өнер бесігінде тербеліп өскен Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен ақ таныла бастаған . Ол бозбала шағының өзінде ақ өскен ортасын ән мен жырға кенелтіп, тіптен көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылып үлгерген. Осы кезде өрттей жалындап, жұрт аузына іліккен жас Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның арқалы өнеріне құныға ден қойып батасын алады. 

Жамбылдың ақын-жырау ретінде қалыптаса бастаған кезі Ресей отаршылдары – бір жағынан, Қоқан хандығы – екінші жағынан, жергілікті жандайшаптар- үшінші жағынан қазақ халқын әлеуметтік саяси қыспаққа алған шақ еді. Жаны сергек, санасы өрелі Жамбыл өзінің «Шағым», «Жылқышы», «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Өстепкеде», «Патша әмәрә тарылды», «Зілді бұйрық» сияқты өлеңдерінде елдің әлеуметтік саяси өмірін ақындық шыншылдықпен азаматтық жауапкершілікпен бедерлейді. Жамбыл Қазан төңкерісінен кейінгі елдің саяси-әлеуметтік өміріндегі тарихи өзгерістерге үлкен үмітпен ден қояды. Оның «Туған елім» атты толғауы 1936 жылы жарық көріп, онан соң орыс тіліне аударылған нұсқасы «Правда» газетінде жарияланып, қарт ақынның даңқы бүкіл әлемге жайылды. Халқына қадірі артып, даңқы өрлеген Жамбыл, шабыт тұғырына қонған Алатаудың ақ иық қыранындай, жыр нөсерін селдетеді. Оның 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен. Ол ел өміріндегі табыс пен жаңғыруларды, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлайды. Шағын жыр-толғаулар ғана емес, оның қарт көкірегінен «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты эпикалық туындылар қайта жаңғырып ақтарылады.

Жамбыл Жабаев шығармашылығының шарықтау шегі тоқсан жастан асқан шағына тура келеді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігінде шымылдығын Жамбыл ашты. 360 өнерпаз барған бұл мәдениет күндерінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, әнші Күләш Байсейітованың абыройы асқақтады. Жамбыл сол жылы Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталды.

Заманымыздың классик жазушысы, атақты Мұхтар Әуезов «Жамбыл – ақыл ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бірі, әрі эпик-ақын, әрі айтыс-ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» деп бағалаған еді. Ұлы Жамбылды Мұхтар Әуезов мойындаған, Сейфуллин бас иген, Сәбит Мұқанов ардақтаған, Ғабит Мүсірепов еркелеген, Бауыржан Момышұлы сыйлап, Мәлік Ғабдуллин құшағына алған. Ромен Роллан, Михаил Шолохов, Павло Тычина, Николай Тихонов, Константин Симонов сияқты әлемдік әдебиеттің өкілдері де ерекше құрметтеген.

Жамбылдың қанатты шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын дүйім дүниеге паш етті. Жамбыл бейнесі қазақ өнерінің барлық түрінде, барша жанрында шабытпен бедерленіп, ұлттың рухы биік ұлы тұлғасы екенін әйгіледі. 1945 жылы 22 маусымда Жамбыл дүние салды.

Дереккөз: adebiportal.kz, bilimdinews.kz