Биыл сайыста әлемнің 12 елінен 60 шақты әнші бағын сынаған еді
Алматыда қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенованың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық вокалистер байқауы өз мәресіне жетті. Байқаудың бас жүлдесі италияндық өнерпазға бұйырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әділ қазылар мықтыларды бағалау қиын болғанын айтады. Қатысушылардың барлығы бірінен өткен күміс көмей екен. Алайда, бас жүлде шетелдік әншінің қанжығасында кетті.
«Біздің Қазақстанда да өте жақсы бір қызымыз бар. Бірақ әлі жас. Жас та болса өзін жақсы көрсетті. Бүгінде Бибігүл апаларыңыз қартайды, оның ізін басар біреу керек шығар. Бірақ меніңше, Мәдина қызымыз Бибігүл апасынан асатын сияқты», – деді ҚР Халық әртісі Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Дәстүрлі жарыс биыл оныншы рет өткізілген. Жеңістен үміттілерді Франция, Ресей, Италия, Чехия сынды елдерден келген қазылар алқасы бағалады. Оған қазақ халқының мақтанышы, күміс көмей әнші Бибігүл Төлегенова төрағалық етті. Биыл сайыста әлемнің 12 елінен 60 шақты әнші бағын сынаған еді.