Қожа Ахмет Ясауидің жиені Жүсіп атаның тарихына қатысты шежіренің бір бөлігі мен арнайы мөр басылған құжаттар табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Құжатта 13-ғасырдан қалған тарихи мәліметтер бар. Шағатай тілінде жазылған шежіренің ұзындығы - 3,5 метр.
Бұл туралы осы аптада Түркия радио телевизия порталы хабарлады. Қожа Ахмет Ясауидің жиені Жүсіп атаның рулық шежіресі, тарихи қолжазбалары және мөр басылған құжаттары Түркістан қаласынан табылған болатын. Түркиялық БАҚ-тың келтірген дерегінше, тарихи құжат ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, оны Қожа Ахмет Ясауидің жиені Жүсіп атаның немерелері сақтап келген. Ғасырлар бойы құпия болып келген құжат енді ғана ашылған.
«Құжатта Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген кезеңге жататын тарихи шешімдер, жер атаулары, шекара туралы мәліметтер, адамдардың өмірі мен күнделікті өмір туралы ақпарат қамтылған. Құжат «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне жеткізіледі. Содан кейін оны сарапшылар тексереді. «Әзірет Сұлтан» мұражайының директоры Нұрболат Ахметжанов Қожа Ахмет Ясауиге байланысты зерттеу жұмыстарының әрі елде, әрі шетелде жүргізілетіндігін мәлімдеді», – деп жазады Түркия радио телевизия порталы.