Данэлия Төлешова мен үндістандық Лидиан есімді жеткіншекті жеңісімен құттықтады
Димаш Құдайберген өз еркімен The World's Best жобасынан кеткеніне қарамастан, көрерменнің ең көп даусын жинады. Бұл ретте әнші өзіне дауыс берген барша тыңдармандарына алғыс айтты. Сондай-ақ, өзі жол берген Данэлия Төлешова мен үндістандық Лидиан есімді жеткіншекті жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Stan.kz.
«Құрметті DEARS. Сіздерге шын жүректен алғыс айтқым келіп отыр. Менің финалдан бас тартуыма қарамастан, телекөрермен шешімі бойынша 1 орын алғаным сіздердің арқаңызда. Барша дауыс берген әлемдегі әр тыңдарманымның алдында басымды иемін. Менің әр қадамымды, әр шешімімді қолдап, үлкен сенім артқандарыңызға мың алғыс! Менің әр азды-көпті жеңісіме елімнің, әлемдегі барлық жанкүйерлерімнің құрметіне арнаймын.
Және кішкентай бүлдіршіндеріміз Лидиан мен Данэлия балапандарымызды бүгінгі жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Халыққа қалаулы, елге елеулі азамат болып өсіңдер! Өнерлеріңмен талғамы биік көрермендердің көзайымы болып, болашақта Селин Дион мен Моцарт сынды үлкен жұлдыз болыңдар», - дейді Димаш.
Айта кетейік, жеке әншілер арасында Димаш Құдайберген, Данэлия Төлешова мен үндістандық Лидиан Надхасварам финалға жолдама үшін таласқан еді. Алайда Димаш Құдайберген балаларға жол бергісі келетінін айтып, өз еркімен шоуға қатысудан бас тартты. Ақырында үндістандық жігіт Данэлиядан басым түсіп, жеңіске жетті. Ал Димаш жобадан кеткеніне қарамастан, көрерменнің ең көп даусын жинады.